Тамақта тырнақ, шаш жүреді: Павлодарда фтизиопульмонология орталығы тексерілді

 Сурет: www.istockphoto.com

Әлеуметтік желіде мекемедегі жағдайға қатысты видео таралды, деп хабарлады turkystan.kz порталы Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Хаттың авторы туған бауыры Павлодар облыстық фтизиопульмонология орталығында жатқанын жазған.

–  Асханада осылай тамақтандырады. Науқастар шағымдануда. Сылдыр су. Тырнақ, шаш жүреді. Жеу мүмкін емес. Жастықтың тысы жыртылған, – дейді кадрдың ар жағында сөйлеген ер адам. 

Мекемеде аталған факті бойынша 2024 жылғы 1 тамызда бөлімше меңгерушісі мен аға медициналық қызметкерлердің қатысуымен терапевтік бөлімшелерде әкімшілік тексеріс ұйымдастырылғанын хабарлады. Емделіп жатқан пациенттердің арасында сауалнама жүргізілген.

– Науқастар ҚР Үкіметі қаулысының талаптарына сәйкес төсек-орынмен, пижамалармен және халаттармен толық көлемде қамтамасыз етілген. Сауалнама кезінде пациенттер тамақ пен емге шағымданбады, дайын тағамның сапасына көңілдері толатынын айтты, – дейді мекемеде. 

Орталықта алты рет тамақтану, әртүрлі мәзір қарастырылған, Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында тамақтану стандарттарын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес калория мөлшері есептеледі. Медбике ас үйге кірген кезде тағамның сапасын, аспаздық өңдеудің дұрыстығын тексереді.

Ас блогының қызметкерлері арнайы киімде және қолғапта жұмыс істейтінін, сондықтан тырнақтар, шаш, түймелер және тағы басқа бөгде заттардың тағамға түсуі мүмкін емес екенін айтады. Сондай-ақ ет өнімдеріне тиісті сертификаттар бар, күн сайын сынама алынып, нәтижелері бракераж журналына енгізіледі. Ол жерде өнімдердің қауіпсіздігін, аспаздық өңдеудің дұрыстығын, мәзірдің сәйкестігін бағалайды. Әр 14 күн сайын перспективалық мәзір жасалады.

https://turkystan.kz/article/246722-tamakta-tyrnak-shash-zhuredi-pavlodarda-ftiziopulmonologiia-ortalygy-tekserildi
Comments (0)
Add Comment