ТАЛАСТА ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ «РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ» АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ

Талас ауданында ұлттық мереке «Республика күніне» арналған салтанатты шара өтті. Іс-шара барысында аудан әкімі Нұрбол Жүнісбеков Қазақстан тәуелсіздігінің негізі болған 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Егемендік туралы декларацияның тарихи маңыздылығына тоқталды.
«Сіздерді 25 қазан – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл ел үшін айрықша маңызға ие тарихи күн. Осыдан отыз екі жыл бұрын 25 қазанда Қазақстаннның тәуелсіздігі туралы декларация қабылданды. Бұл егемендік алу жолындағы алғашқы құжат. Ендеше айтулы датаны халық болып мерекелеу егемендігіміз бен елдігімізді, татулығымыз бен тұрақтылығымызды айғақтайтын маңызды шешім.
Ел бірлігін сақтаған бабаларымыздың асыл мұраты болған егемендігімізді сақтау басты мақсатымыз», — деді аудан басшысы.
Салтанатты жиын аясында «Талас ауданының құрметті азаматы» атағы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Алғыс хаты, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісі, Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты әр түрлі салада жемісті еңбек еткен азаматтарға табысталды. Сондай-ақ, «Талас ауданына сіңірген еңбегі үшін» белгісі, аудан әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты, мәслихат төрағасының Құрмет грамоталары салтанатты түрде тапсырылды.
Ұлттық мереке «Республика күніне» арналған салтанатты шара жергілікті өнерпаздардың концертіне жалғасты. Шара соңы Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен өз мәресіне жетті.

Талас ауданы әкімдігі

 

Comments (0)
Add Comment