Тағы да тайқазан туралы: Шындық өз орнында шырайлы

Жалғандық жарға жығады десек, ондай кесапаттық жалған тарих жа­саудан туатыны белгілі. Ал жалған та­рих­тың жасалуына белсенді надандық әсер етеді. Белсенді надандықтың қаруы – теріс ақпаратты үздіксіз тарату.

Өкініштісі сол, бүгінгі біздің қоғамның ру­хани дерті нақты дерекке сүйену емес, алып-қашты әңгі­меге жел беріп, үнемі шындықты те­ріс­теп не оны өз бетінше «түрлендіру» болып отыр…
Жұрт арасында соңғы жылдарда көп әңгі­ме болып жүрген тақырыптың бірі – Түркістан қа­ласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қайтып әке­лінген жәдігерлік – тайқазан жайы. Кезінде оның тарихи орнына оралу елді шек­сіз қуантса, бү­гінде соны кім әкелді сауал кө­бірек қызық­тыра­тын секілді. Шынына кел­сек, мұнда бір жағынан тарихи шындықты – яғни, әділет салтанат құрып, тайқазанның өзі­нің байырғы тұғырына қонуы­ның жай-жап­сарын анықтау болса, екінші жағы­нан со­ның қайта оралуына кім еңбек сіңірді, сол игі­лікті істің басында кім тұрды деген мә­се­ледегі ке­ліспеушілік жатыр. Міне, осы себепті бұ­рын бір-екі рет бұл тақырыпта қалам тар­тып, өзіміздің осы мәселенің шындығын анық­тауда аз-кем қа­тысымыз болғандықтан, соңғы кездегі қоғам ара­сында тайқазанның оралуына байланысты әң­гіме қайта көтерілгенін көре отырып, мәселенің анық-қанығына көз жет­кізу үшін тағы бір мәрте қол­ға қалам алуға мәж­бүр болдық.

ТАЙҚАЗАННЫҢ ТАРИХЫ НЕМЕСЕ ОҒАН ӨЗБЕКӘЛІ ЖӘНІБЕКОВТІҢ «ҚАТЫСЫ» ЖӨНІНДЕ БІРЕР СӨЗ

Әңгімені алдымен тайқазанның өзінен бас­тайық.
2019 жылдың 9 қыркүйегінде тай­қа­зан­ның Түркістанға қайта оралуына 30 жыл болуы­на байланысты халықаралық Túrkistan сая­си апталығында «Алты ғасыр арыдан аман жеткен тайқазан» атты мақаламыз ба­сылды. Сонда тайқазан тарихы және оның Қо­жа Ахмет Ясауи мәселесі жайлы былай дегенбіз:
«Түркістан қаласының атын әйгілі қыл­ған мұндағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі бол­са, кесенеге көрік берген әйгілі Тайқазан мен қос шырағдан қоятын қола тұғыр (оны 1397 жылы жасаған исфахандық Абд Из ад-дин Тәж ад-Дин) еді. Бірақ заманның аласа­пы­ранында осы жәдігерлер о бастағы орны­нан қозғалып, 1935 жылы Ресейдің Санкт-Пе­тербор қаласында өткен Иран шебер­лерінің III халықаралық конференциясына көрсетуге әкетіліп, 55 жылдан соң Тайқазан ға­на Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қайта орал­ды.
Жалпыға мәлім, Тайқазан аты әлемге әйгілі қолбасшы Әмір Темірдің бұй­рығымен 1399 жылы 25 маусымда (мұ­сыл­манша ай­сақ, хижраның 801 жылы, шау­уал айының 20-сы күні) Түркістан қала­сы­ның маңындағы Қарнақ елді мекенінде құйыл­ған. Оны жасаған иран шебері – Әбділ Әзиз Шарафаддин Тебризи. Зерттеушілердің айтуынша, қазан мыс, мырыш, алтын, күміс, қола, қорғасын, темір секілді жеті металдың қос­пасынан жасалған көрінеді.
Қазанның салмағы – 2 тонна, сыйым­ды­лы­ғы – 3 мың литр, биіктігі – 1,60 метр, диа­метрі – 2,42 метр. Тұғырының биіктігі – 0,54 метр, диаметрі – 0,607 метр. Тайқазанның сырт­қы бөлігі бес бөлікке бөлініп өрнек­тел­ген. Құран Кәрім аятынан үзінді, Мұхаммед Пай­ғамбар хадисі, қазанның кімге арнап жа­салғаны, құйылып біткен уақыты, қазан­ды жасаған шебердің өз аты-жөні, парсыша ті­лек сөз, Құдайдың құдіреті жайлы ескерту сөз жазылған.
Тайқазан – шын мәнінде әлемде тең­десі жоқ жәдігердің бірі. Кеңес Одағы ке­зінде Қазақстанның қалауынсыз Тай­қа­занды тарихи орнынан қозғап, Санкт-Пе­тер­­­бордағы Эрмитаж музейіне алып кеткен ор­талық үкімет ұзақ уақыт өктемдік жасап, қай­тармай қойды. Дегенмен тайқазанды қайтару үшін бірнеше рет әрекет жасалып, 1989 жылға дейін оның бәрі сәтсіз аяқталған.
…Дегенмен Қазақстанның тұңғыш пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшы­лы­ғы­мен тайқазанды елге қайтару үшін мәселе қай­та қозғалып, КСРО Жоғарғы Кеңесінің рұқ­сатымен 1989 жылдың 18 қыркүйегінде тай­қазан отанына оралып, өзінің бұрынғы ор­ны Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи ке­сенесіндегі тұғырына қойылды.
Әрине, тайқазанның елге оралуына ең­бек сіңірген азаматтар көп, оның ішін­де қазақтың біртуар перзенті, ғалым эт­нограф, мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жә­нібековтің, сондай-ақ сол тұста Түркістан қалалық партия комитетінің бірінші хат­шы­сы болып қызмет атқарған, тайқазан мәсе­ле­сімен тікелей айналысқан қоғам қайрат­ке­рі, қаламгер Нұридін Балқияұлының есі­мін ерекше атап өтуге болады».
Шындықты мойындау керек, сіз оқып отырған біздің мақаламызда шын­дыққа сәйкес келмейтін екі жағдаят бар, оның біріншісі Нұрсұлтан Назарбаевқа, екін­шісі – Өзбекәлі Жәнібековке қатысты ай­тыл­ған жерлер.
Шын мәнінде, тайқазанда Н.Назарбаев­тың атының аталуы сол кездегі Қазақстан­ның тұңғыш президентінің беделіне бай­ла­нысты болуы керек, бізге тайқазанның елге оралуы жайлы айтып берген сол тайқазан­ның елге оралуына бірден-бір себепші бол­ған Нұридін Балқияұлының өзі бұл мәселеде Н.Назарбаевтың аты аталуын қалап еді. Ал Өзбекәлі Жәнібековтің атын ел арасында жүр­ген әңгімеге сеніп қалып, қосып жіберген өзі­міз. Аты да, атағы да бар әжептәуір кісі­лер­дің сөзіне шүбә келтірмеген едік, сөйтсек он­да мән бар екен. Яғни, тайқазан мәселе­сінде «кімнің көбірек еңбек сіңіргенін», «оны әкелуге кім басшылық жасады» дегенде әркімнің өз ұсынары бар. Түсінікті тілмен айт­­қанда, бұрын «тайқазанның елге оралуы­на Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Назар­баев басшылық жасады» дейтін пікір­лер ара-тұра шаң беріп қалса, ол кісінің саяси сахнадан кетуіне байланысты қазір ол сөз айтылмайды, ал енді бүгінде «елге тайқа­зан­ның Түркістанға әкелінуіне себепші бол­ған бірден-бір тұлға Өзбекәлі Жәні­бе­ков» деген тұжырым күшейіп тұр. Енді осын­дай бағытта жарияланған материал­дар­дың бір­нешеуінен үзінді келтірейік:
«Төрткүл дүниеге аты мәлім, түркі жұр­ты­ның ортақ шаңырағы — Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі тайқазанның Санкт-Пе­тер­бордың Эрмитаж музейіндегі көрмеден ел­ге оралғанша қаншама тар жол тайғақ ке­шуді бастан өткергені белгілі.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесін музей етіп құ­ру­да, Тайқазанды елге қайтарып, қайта ор­нына орнықтыруда сол кезде мәдениет са­ласында қызмет атқарған, белгілі қоғам қай­раткері, тарихшы-этнограф ғалым Өз­бәкәлі Жәнібеков ағамыздың сіңірген еңбегі ерек­ше орасан». (««Өзбекәлі Жәнібеков және тай­қазан». Әзірет Сұлтан Мемлекеттік тари­хи-мәдени музей-қорығының ресми сайты (http:azretsultan.kz/)
«Өзбекәлі Жәнібеков құлпытастардағы араб тіліндегі жазуларды да қазақ тіліне ау­даруға атсалысты. Ол кезде кесененің сән-сал­танаты болған атақты тайқазанның ор­ны бос тұрған. Оны 1935 жылы Ленинградқа (қазіргі Санкт-Петербор) қаласында өткен Иран шеберлерінің III Халықаралық кон­ферен­циясына үш айға апарған. Бірақ кері қайтарған жоқ.
Араға 54 жыл салып, 1989 жылдың
18 қыркүйегінде Тайқазан тарихи отанына қай­та оралды. Бұның бәрі – Өзбекәлі Жәні­бе­ковтің жанқиярлық еңбегі». («Тайқазанды қайтарды: мәдениет министрі болған Өз­бекәлі Жәнібеков туралы не білеміз» (https://sputnik.kz/ 21:44 28.10.2021, жаңартылды: 10:47 02.02.2022).
«Тайқазан 1935 жылы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербор қаласында өтетін Иран ше­бер­лерінің III Халықаралық конферен­ция­сына үш айға жіберілгенімен, тек 54 жылдан кейін, яғни 1989 жылдың 18 қыркүйегінде тарихи отанына қайта оралды. Бұл іске, яғни көне жәдігердің Түркістанға әкелінуіне көр­нек­ті мемлекет және қоғам қайраткері, ға­лым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің қос­қан үлесі зор». (Серік Сейдуманов. «Ұлтжанды тұл­ға ұлағаты» деген мақаласында (https://ege­men.kz, 18 Тамыз, 2021).
«Өзбекәлі Жәнібеков – өзінен кейінгі ұрпақ «Шерағаң» деп атап кеткен ұлт мақ­таны­шы Шерхан Мұртаза айтқандай, киелі адам. Өйткені қазіргі қолда бар көп құнды тарихи жәдігерлердің, қасиетті мекендердің бүгінге бұзылмай жетуі туралы әңгіме қоз­ға­ғанда, сөзсіз Өзбекәлі Жәнібековтің аты ата­лады. Соның бірі де бірегейі – тайқазан.
…Тайқазан 1935 жылы Ленинград, қазіргі Санкт-Петербор қаласында өткен көрмеге қойылу үшін алынып, уақытылы кері қай­та­рылмаған болатын. Үш айлық көрмеге алып кеткен киелі жәдігерді 54 жылдан кейін та­рихи Отанына қайтаруға сол уақыттағы Қа­зақ КСР Мәдениет министрінің орын­ба­сары Өзбекәлі Жәнібековтің атқар­ған жан­қияр­лық жұмысы, ерлікке пара-пар сіңірген ең­бегі бірден-бір себепкер болған еді. Ке­се­ненің «жыртығын» жамап, қалпына келтіру жұ­мыстарымен өзі де білек сыбана айна­лыс­қан. Қиюын келтіріп, тігісін жатқызған сол ша­руаның бәрі осы сөзімізде тайқазанның елге оралу оқиғасының көлеңкесінде қалып қой­ғандай. (Ақтоты Райымқұлова. massaget.kz. 19 Қыркүйек 2021).
Көріп отырмыз, жоғарыда біз кейбірін ғана ықшамдап келтіріп отырған ма­қа­лаларда авторлар тайқазанның Түркіс­тан­ға әкелінуіне басты себепші Өзбекәлі Жә­ні­беков дегенімен оның бүкіл процесте­рін көрсетіп, нақты деректермен дәлелдемей­ді, тек әйтеуір Ө.Жәнібековтің атын атап ке­теді. Бұл тайқазан мәселесін қалайда бір тұл­ғаның есімімен байланыстыруға деген құл­шыныстан өзге ештеңе емес. Ал тайқа­зан­ның елге оралуына өзінің әсері болғанын әзірше Ө.Жәнібековтің жазғандарынан көре алмай жүрміз. Ал шынында тайқазанның Ле­нинградтан Түркістанға жеткізіліп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі өз орнын табуы­на тер төккен кім?!

ЖӘДІГЕРЛІККЕ ҚҰРМЕТ
БАҚТАЛАСТЫҚҚА АЙНАЛМАУҒА ТИІС

Адам бойындағы өзімшілдік деген әдет биікке ұмтылдырғанмен, кейде сол биікке жете алмай қалған кезде жалған сөйлеп, жал­ған бедел жинауға мәжбүрлейді, бірақ оның шын аты – шындыққа қиянат. Кейде адам қандай тарихи істерге қатысы барын сол шақта сезінбеуі мүмкін, бірақ жылдар өткенде атқарылған істің салмағын ұққанда оған өзінің қатысын әсірелеп, көтермелеуге құштар болатыны белгілі жайт. Алайда ақи­қаттың бетіне шіркеу түсіретін мұндай жөн­сіздіктер тарихты бұрмалау болып, біреу­дің ғана емес, өзіңнің де ар-намысыңа кір келтіретін әрекетке айналып кетеді. Сон­дықтан әркім өзінің іс-әрекетіне сай сөйлеп, лайықты бағасын алғаны дұрыс. Бұл біз ай­тып отырған тайқазан мәселесіне де қа­тысты.
Соңғы кезде тайқазан мәселесінде Ер­кін Жорабеков деген азаматтың аты ата­лып жүр. Ол – Түркістан қаласында Нұ­ри­дін Балқияұлы басшы болып тұрған кезде қа­лалық атқару комитетінің төрағасы бол­ған азамат. Тайқазанды қала басшысының тап­­сырмасымен Санкт-Петербордағы Эр­ми­таж музейінен елге алып келуге кет­кен­дерге басшылық жасаған. Сол адам өмірінің соң­ғы жылдарында баспасөзге берген сұхба­­­тында «Тайқазанды әкелген мен едім» де­ген­дей сөз­дер айтып, мәртебелі тарихи іске өзі­нің қа­тысын асыра бағалап, өзін бұл мәселедегі бас­ты тұлға еткендей екен. Бірақ шын­дық де­ген өзіңді көтеру үшін, өзгелерді жоққа шы­ғару емес қой.
Кейде өзің бұрын білмейтін іске түрлі себеппен тосыннан қосылып кететін жағ­дай болады, менің де тайқазан мәселесіне қы­­зығуым, оның ішінде Еркін Жорабеков жай­лы естуім, Нұридін Балқияұлының тай­қа­занды әкелуді ұйымдастырған басты тұлға еке­нін білуім де аяқ астынан болды. Ұмыт­пасам, 2019 жылдың 12 мамыры болса керек, жұмыста отырсам жазушы Бегабат Ұзақов маған телефоннан хабарласып: «Тайқазанды Эркин Журабеков деген кісі өзім әкелдім деп­ті ғой, солай сұқбат беріпті» деп WhatsApp мессенджерінен «Туркистон таквими 2019» деген өзбек тілінде шыққан жыртпалы күнтізбенің Э.Журабеков сұхбаты басылған беттерінің суретін жіберді және «мұны Есен­ғали Раушанов ағамызға да жіберіп қойдым» деп жазды. Арадан 15 минуттай өткенде ре­дактор Қуат Әуесбай мені өзіне шақырып, «Ма­ған Есенғали ағамыз мына бір суреттерді жіберіпті, бұдан хабарыңыз бар ма?» деп сұрады жаңа әзірде өзім көріп шыққан күн­тізбе суретін көрсетіп. Мен «мұны Есағаңнан бұ­­­­рын көргем» дедім күліп. «Онда осыны зерт­­теп жазсаңыз дұрыс болар еді» деді. Сөй­тіп, аталған мәселеге орай «Қазан бір, «қай­ғы» басқа» деген мақалам Túrkistan газе­тін­­де (16.05.2019) жарық көрді. Онда Э.Жу­ра­­­бековтің тайқазанға қандай қатысы бар­лығы жазылды және осы мәселенің анық-қанығы жайында Н.Балқияұлының пікірі берілді. Кейін мақаланы Facebook әлеуметтік же­­лісіне бөліскенімде бір әйел адам «Тайқа­зан­­ның әкелуіне негізгі еңбек сіңірген адам Э.Жу­рабеков еді, сіз мақалаңызда оның бәрін Н.Бал­қияұлына теліпсіз. Менде құжаттар бар. Қазір шетелдемін, келген соң көрсете­мін» деп пікір қалдырды, бірақ әлі күнге ха­­­­­барласқан жоқ…

Сонымен, міне кейінгі кезде әлеуметтік желілерде тайқазан мәселесі кімнің арқа­сында елге қауышқаны жайлы мәселе біраз сөз болып кеткен соң біз оның анық-қа­­ны­ғын білгіміз кеп, осы тайқазанның Қо­жа Ахмет Ясауи кесенесіне басшылық жа­­саған азамат, қазір Алматы қаласында тұра­­тын Нұридін Балқияұлымен кездесіп әң­гі­­мелескен едік. Енді соны ықшамдап бе­рейік:
– Нұридін аға, кейінгі кезде ел ара­сын­да атақ­­ты тайқазанның елге қалай әке­лінгені, оған кімнің еңбек сіңіргені жө­нінде жиі әң­гі­ме болып кетті. Біз сіз­дің тайқазанды әке­луге басшылық жасағаныңыздан хаба­ры­мыз бар. Со­ның жай-жапсарын өзіңізден есті­сек деп едік…
– Кезінде бұл мәселе туралы жаздым. «Айғақ» деген газетке шықты (қазір e-history.kz деген сайтта да тұр, «Қасиетті тайқазанның қай­тарылуы туралы үзік сыр» деген мақала), бір кітабыма де енгіздім. Осы мәселе менің ал­­­дымнан да жиі шығады. Жұрт сұрап жата­ды, бір айтқаныңды қайталай беру де ыңғай­сыз…
– Дегенмен мәселенің анығын біздің га­­зет үшін тағы бір мәрте айтып бер­сеңіз…
– 1985 жылдың қараша айынан 1991 жыл­­ға дейін Қазақстан компартиясы Түр­кі­с­тан қалалық комитетінің бірінші хатшысы бо­лып қызмет істедім және 1990 жылдың қаң­тарынан 1993 жылға дейін Түркістан ха­лық депутаттары Кеңесінің төрағасы қыз­меттерін қоса атқардым. Қалаға келгенімде ең алғаш назар аударған нәрсем аты әлемге белгілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі болды. Салынғанына неше дәуір өткен кесенені сақтау үшін реставрация жасау қажеттігін бай­қадым. Сондықтан жұмысты бастау үшін Қазақ қалпына келтіру жобалау институ­ты­ның («Казпроект реставрация») директоры Б.Тұяқ­баева мен бас инженерін арнайы ша­қырып, кеңес өткіздік. Кездесу барысында ке­сенеге байланысты қордаланған мәселелер мен алдағы атқарар іс-шаралар талқыланды. Негізінде, А.Ясауи кесенесіне байла­ныс­ты бұрынырақта қа­был­данған Қазақстан Рес­пуб­ликасы Министерлер кеңесінің арнайы қаулы­сы бар екен. Өкініштісі, ондағы бел­гі­ленген іс – шаралар толық орын­дал­­маған. 1986 жылдың мау­сым айында қалаға арнайы сапармен сол кез­дегі Қазақстан бас­шы­сы Д. Қонаев келгенде өзге мә­селелермен бірге Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қал­пы­на кел­тіру жөніндегі ұсы­ныс­тарымды айттым, ол кісі оны мақұлдады және кейін мені жеке қа­былдап: «Көтерілген мәселе Орталық Ко­ми­теттің секретариятында қаралып, Ми­нистрлер Кеңесінің орындауына тап­сы­рыл­ды» деп еді, бірақ ол кісі басшылықтан кет­кен соң мәселе шешілмеген күйінде қал­ды. Одан кейін Қазақстан басшысы бол­ған
Г.Ко­лбиннің сірә мәдени мұралары­мызға жаны ашымағаны белгілі. Сол кездегі Рес­публика министрлер Кеңесінің төрағасы Н.Назарбаев бірде Кеңес Одағы құрылыс ми­­нистрімен бірге кесенені аралап келгенде: «Нұридін мына кісіні арнайы шақырып әкелдім, енді кесенені қалпына келтіруге жо­ғарыдан көмек болар» деген еді, өкінішке қарай ол да болмады. Сондықтан онымен Түр­кістан қаласының басшылығы айналыс­паса басқа жол жоқ екенін көз жеткен соң Түр­кістан қаласы атқару комитетінің төра­ғасы Еркін Жорабековке арнайы комиссия құрып, «қасиетті тайқазан» тағдырымен шұ­ғылдануды тапсырып, қаламыздың күр­делі де, өзекті мәселелерін шешу үшін Түр­кістанның қала болып қалыптасқан жылын анық­тап, ғасырлар тарихымыздың куәгері А.Ясауи кесенесін ЮНЕСКО жылнамасы ті­зіміне енгізу жұмыстарымен тікелей өзі ай­­­налыстым.
Негізі, тайқазанды Түркістанның 1500 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде той­лан­са, соның себебімен оны кесенеге қай­тару­дың мүмкіндігі болар екен деп үміт­тен­дік. Көне шаһардың бір жарым ғасырлық ме­рейтойында келгендер Ясауи кесенесіне соқ­қанда онда әйгілі тайқазан орнында тұр­са елімізге үлкен абырой емес пе? Жалпы, бұл мәселемен бізден бұрын да айналысып әре­кет еткендер болған. Республиканың тиіс­т­і басшылары арқылы Мәскеуге талай рет тайқазанды қайтару жөнінде өтініш хат­тар жолданған. Сондай-ақ Қазақ Кеңестік Республикасы халық депутаттары Жоғары Кеңесі Президиумының төрағасы С.Нияз­беков­ке, Мәскеуде бүкіл одақтың Жоғары Кеңес президиумының қысқамерзімдік төра­ғасы міндетін атқарған кезеңде (ол кез­де сондай ереже-тәртіп болатын), қаладан құрамында Ұлы Отан соғысы ардагері, Кеңес Одағының батыры Есетов бар арнайы ко­миссия аттандырылып, ол кісіден тайқа­зан­ды қайтару туралы көмек сұралған. Оған тү­сіністікпен қараған Республика басшы­лары­ның талап-тілектеріне сәйкес КСРО мә­де­ниет министрінің тапсырысына Эрми­таж галереясының директоры академик
Б. Пиот­ровский «Эрмитаждағы экспонаттар бү­кіл Кеңес Одағы халықтарының ортақ ба­ғалы байлықтарына жататындықтан «тай­қазан» қайтарылмайды» деген жауабын өз­геріссіз жолдап отырған. Ал біз бұны білсек те алған бетімізден қайтқан жоқпыз.

– Тайқазанды елге әкелуге Өзбекәлі Жә­­ні­беков басшылық жасады деген сөз бар, сол туралы не айтасыз?

– Жоғарыда айтып кетім ғой, бізден бұ­рын да тайқазанды елге қайтаруға талай кі­сі­лер әрекет етіп, жоғарыға хаттар жазған деп. Мүмкін, Өзбекәлі ағамыз да солай әре­кет еткендердің қатарында болған шығар. Ал өзім бірде ол кісінің жеке қабылдауында болғанымда тайқазанды қайтару ұсыны­сым­ды салқын қабылдаған сыңай танытқандай бол­ды. Тайқазан туралы ештеңе демеді, «Қ­а­зір Абайдың 150 жылдығын ЮНЕСКО кө­ле­мінде тойлауға күш салып жатырмыз, басты мә­селе сол» деп қысқа қайырды.

– Сонымен, тайқазанды елге қай­тару­ға қа­лай әрекет еттіңіздер?

– Әр нәрсенің сәті түсетін уақыты бола­ды ғой, біз заман өзгерісін оңтайлы пайда­лан­дық деп ойлаймын. Себебі өткен ғасыр­дың 80-інші жылдарының соңына қарай еліміз нарықтық экономикаға көшті. Бұл жергілікті биліктегілерге өз бетінше әрекет етіп, өз мәселелерін өздері шешуге біраз жағ­дай жасады. Біз де өз қаламызда іскерлікке жол аштық. Соның арқасында аз уақыттың ішінде қалталы азаматтар пайда болды. Сон­дықтан біз жоғарыдан не береді деп қарап отырмай, түрлі істерге қаражат табуда өзі­міз­ден шыққан іскер жігіттердің жәрдеміне сүйендік. Олар басқа жұмыстармен бірге тай­қазанды елге алып келуге де себін тигізді.

– Ал тайқазанды мен алып келдім де­ген Еркін Жорабековтің сөзіне қалай қарайсыз?

– Оның тайқазанды елге әкелудің басы-қасында жүргені рас, бірақ бәрін өзі шешіп, өзі әрекет еткен жоқ қой! Мәселен, мен қала басшысы ретінде рұқсат етпесем қаланың атқару комитетінің төрағасы болған адам ме­нің рұқсатымсыз жұмысты тастап, ап­та­лар бойы Санкт-Петерборда жүре берер ме еді? Ал егер жұмысты қойып сонымен айна­лы­самын десе, Ресейдегі музей басшысы көшеде жүрген адамның қолына дүние­жү­зілік мәні бар жәдігерлікті ұстатып қоя бере ме?
Басшы ретінде өзім Түркістан қалалық халық депутаттары кеңесі атқару коми­тетінің төрағасы Еркін Жорабеков, кәсіпкер­лер Ә.Әбдіразақов, Б.Ирисметов тобын Мәс­кеуге Одақтық Мәдениет министрлігіне тайқазанды қайтару мүмкіндігін анықтауға арнайы жібердім. Сапарлары оң болды. Қала басшылығы атынан құзірет берілген Е.Ж­о­ра­беков Одақ мәдениет министрі В.Заха­ров­пен кездесіп, тайқазанды Эрмитаждан қайтару мәселесін көтерген. Ол тайқазанды қай­таруға болатынын айтады. Сосын жігіт­тер Ленинградқа аттанып, Эрмитажға бар­ғанда академик Б.Пиотровский кезекті демалыста болғандықтан, қарсы алған Эрми­таждың жауапты қызметкері тайқазан­ның қайтарылмайтынын айтып, Мәскеуден келген «тайқазанды қайтарудан бас тарту» туралы ресми жедел хатты көрсетіп кері қай­тарады. Арада біраз уақыт өткен соң
Б.Пиотровскийдің өзі Е.Жорабековке те­лефон ар­қ­ылы қоңырау салып тайқазанның қай­тарылуы оң шешілгені, енді тез келіп алып кетуді хабарлаған. Мұндай қуаныш хабарды ести сала, ол маған келіп «тайқазан­ды алып келуге өзіңіз барасыз ба?» деді. Мен оған «жоқ осы игі істің басы-қасында жүрген өздерің бара­сыңдар?» деп бұл жұмысты өзіне тапсыр­дым. Сөйтіп, жігіттер елге аман-есен тайқа­занды жеткізді.
Тағы бір айта кететін жайт: Е.Жора­беков өзінің сұхбатында тайқазанды әкелгеннен кейін жұмыстан шығарылғанын айтыпты. Оған менің тарапымнан әдейі қысастық жасалған жоқ, атқару комитетінің төрағасы ретінде халыққа пәтер таратуда «бар­мақ басты көз қыстыға» жол берген. Мен жұмыстағы тазалық принципіме орай, өзіме жақсы таныс адамды заң алдында жасаған қылмыс үшін жазасын алуына қарсы тұр­мадым.
Әңгіменің қысқасы, тайқазан 1989 жылы Түркістан қаласы басшылы­ғы­ның ерік-жігері арқылы өз тұғырына қон­­ды. Оған өзімнің қандай себім тигенін жо­ғарыда айтып өттім. Мен жеке басымды ой­ласам Эрмитажға өзім барар едім ғой қа­занды алып қайтуға. Тіпті, Е.Жорабеков «қа­занды музейден шығару сәтін бейне­тас­паға жазып алдық, көресіз бе?» деген де қызыққан жоқпын. «Әйтеуір елге аман-есен жеткіздіңдер ғой» дедім де қойдым. Сол бейнежазбаны көрген жігіттер «қазанды алып қайтуға барғандардың бәрі басына ала тақиясын киіп алыпты, тап оған барғандар біздің елдің емес, өзбек елінің атынан бар­ғандай болыпты» деп реніш білдіргенде де, «е, мейлі, қазақ болсын, өзбек болсын – бәрі өзі­міздің – қазақ елінің азаматтары ғой» де­генмін. Таласатын түгі жоқ, мұндай үлкен істі бір адамның басынан аяғына дейін өзі атқарып шығуы да мүмкін емес. Бірақ үлкен істе идея көтерген, ұйымдастырып, басшы­лық жасаған адамдар болады. Соны ұмыт­пағанымыз әділетті болады деп ойлаймын.

P.S.

Жалпы, тарихты күштілер жазады деген тәмсіл бар. Әрине, ол баяғы заманға жарасатын шындық болар – өйткені кезінде кім күшті болса шындық та соның жағында болды, яғни тарихты жазып қалдырғандар ірі империялар болды. Бірақ барлық оқиғаның бүге-шігесіне дейін хатталып отырған бүгінгі дәуірде бұра тарту ұят қана емес, надандық. Демек, тайқазан мәселесіндегі шындық та өз орнында тұруы керек. Егер ел ретінде өзімізді сыйлайтын болсақ, тұлғалардың беделіне жығылмай, шындыққа – фактке жүгінуіміз тиіс.

https://turkystan.kz/article/216087-tagy-da-taykazan-turaly-shyndyk-oz-ornynda-shyrayly/

Comments (0)
Add Comment