«Алып анадан туады», «Әйел – ұлттың анасы» дейді дана халқымыз. Бұл түптеп келгенде, текті ұрпақтың дүниеге келуі, ұлт болашағының баянды болуы ұрпақ тәрбиесімен етене айналысатын аналарға тікелей байланысты екенін айғақтаса керек. Яғни, «ұлттық болмыс» деп аталатын генетикалық кодымыздың бастауы да, жалғастырушысы да әйел-аналар екені ақиқат.
Қазақтың маңдайына біткен ғұламалары мен абыз ақындары, хандары мен билері, батырлары мен басқа да толағай тұлғаларының есімдері аталғанда олардың алтын құрсақ аналары мен әжелері қатар айтылып жататыны да сондықтан. Өйткені олар – ұрпақтан-ұрпаққа ауысып, тәлім-тәрбиенің ұраны мен қағидатына айналған асыл тұлғалар.
Бір қуаныштысы, қазақ қоғамында аты алты алашқа кеңінен танылып, тарих тақтасында есімі алтын әріппен жазылған аналардың қатары бүгінде толыға түсуде. Соның бірі де бірегейі біз сөз еткелі отырған кейіпкеріміз, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың анасы – Әлжан ана. Ол кісінің түп-тамыры, тегі кім болғандығы газет оқырмандарын қызықтырмай қоймайтыны анық. Сондықтан, әңгіменің негізгі өзегі осы жайында болмақ.
Әлжан ана 1910 жылы Қордай ауданындағы бұрынғы Қасық ауылында дүниеге келіпті. Өнерге деген ерекше қабілетінің арқасында жастайынан ел ішінде «әнші Әлжан» деген атты да иеленген екен. Білетіндер атасы Жатқанбайды Құран сөздерінен мағлұматы мейлінше мол аса сауатты молда болған деседі.
Әкесі Бұқарбай мен анасы Дүриядан алған терең тағылым, тәлім-тәрбие жас қыздың жан-жақты болып өсуіне көп септігін тигізгені анық. Әлжан ана бақытты балалық шақты бастан кешіргенімен, бұл әулетке де нәубеттің соқтыққан тұсы оның бойжетер шағымен тұспа-тұс келген. Анығын айтқанда, атасы дін адамы ретінде, ал «Қасық» колхозын басқарып тұрғанда ауылға Мәдениет үйі мен мектеп салдырған жалғыз ағасы Бөлеген «халық жауы» деген жаламен ұсталыпты. Ел басына күн туған аумалы-төкпелі кезеңде Әлжан ана Шамалғанға келіп, осында жол салып жатқан жұмысшылар аспазшысына көмекші болады. Уақыт өте келе, жол салушылардың бригадирі Әбіш Назарбаевпен көңіл жарастырып, отбасын құрған екен.
Бұрынғы Қасық ауылының тұрғыны, 83 жастағы ақсақал Тұрғанбек Тұрысбаев кезінде Әлжан ананың қолынан дәм татқанын, ол кісінің жақсылығын көргенін айтады.
– Мен оныншы сыныпты 21 жасымда бітірдім. Мектеп бітірген 1956 жылы Алматы қаласына ілім қуып келіп, діттеген оқуыма түсе алмай, Шамалғандағы құрылыс техникумына оқуға қабылдандым. Сонда оқып жүргенімде ауылда тұратын Иван Айдапкелов есімді досым Шамалғанда Әлжан есімді әпкесі тұратынын, аракідік болса да сол үйге барып тұруыма болатынын айтты. Ауылды аңсап, сағынышым басылмай жүрген мен көп кешікпей-ақ ол кісілерді іздеп бардым. Әлжан әпкеміз өте мейірімді жан екен, мені құрақ ұшып қарсы алды. Соғыстан кейінгі қиын кезең болса да, үйдегі бар жылы-жұмсағын алдыма қойып, бәйек болғаны күні бүгінге дейін көз алдымда. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» деген осы.
Кейінірек Иван досымның жиені Нұрсұлтанмен етене араласып, дос болып кеттім. Менде Нұрсұлтан Әбішұлының «Ескерткіш. Қымбатты досым Тұрғанбекке шын досың Нұрсұлтаннан!» деп сыртқы бетіне өз қолымен жазған естелік суреті де бар. Ол өткен күннің белгісі ретінде үйде сақтаулы. Бұл сурет сол бір қимас кезеңнің жалғыз куәгері. Уақыт өтіп, арада біршама үзіліс болғанымен, кейіннен Елбасымызбен бірнеше рет кездесудің сәті түсті. Соңғы рет Тараз қаласының 2000 жылдығында жүздестік. Сол кезде де естелікке аса бағалы қолсағатын маған сыйға тартып кетті. Бұл мен үшін үлкен құрмет!
Жалпы, біздің ауыл «Қасық» деп 1927 жылдары аталса керек. Ауылдың атауы белгілі бір тарихи тұлғаның құрметіне қойылмаған. Бұл тек ауылдың орналасқан жерінің сырт көзге қасық пішіндес болып келетіндігінде. Осыны ескерген жергілікті тұрғындар ауыл атын өзгертуді, елдімекенді Әлжан әпкеміздің атымен атауды сұранған болатын. Көптің өтініші ескеріліп, былтырғы жылдың күзінен бастап, Қасық ауылына Әлжан ананың аты берілді. «Жақсының аты өшпейді» деген осы, – дейді Тұрғанбек қария.
Президентіміз әкесі Әбіш Назарбайұлы мен анасы Әлжан Бұқарбайқызының ұзақ жыл сарылып күткен тұла бойы тұңғышы екен. Бұл жөнінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ел ағасы Мырзатай Жолдасбековтің «Кісілік кітабы» атты туындысының «Кемеңгер немесе Елбасы туралы тебіреніс» атты тарауында кеңінен баяндалады. «Әлжан ана перзент көрмей, құрсақ көтермей, аяғы жеткен жердегі әулиелерді аралап, ақыры Райымбек батырдың басына кеп түнеген түні түс көреді… Түсінде ен далада жүріп келеді екен. Жүріп келеді, жүріп келеді, ақыры көз ұшында сағымданып көрінген бір теңізге келіп жетеді. Теңіздің түбіне түседі, жүре береді, жүре береді, бір кезде теңіздің түбінде көлденең жарқырап жатқан ұзын мылтықты көреді. Мылтықты көтеріп алып, иығына салып, сол күйі теңізді кешіп отырып, арғы бетіне шығады…
Осы көрген түсін Әлжан ана ауылдағы абысын-ажындарына айтып береді. Олар Әлжан ананың түсін жақсылыққа жориды: «Құрсақты болады екенсің, шекесі торсықтай ұл табады екенсің, өмірі күреспен өтеді екен», – дейді. Алла анамыздың тілегін беріп, тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, дүниеге болашақ Президентті әкеледі», – дейді аталған кітабында Мырзатай Жолдасбеков
Негізі, ел арасында «Ән тыңдасаң Қасыққа бар, қыз алсаң Қасықтан ал» деген сөз де бар. Әлжан ананың кезінде көпшіліктің алдында ән салып, ақынжандылығының арқасында топқа түсіп айтысып, сөз тапқырлығымен, ойының ұшқырлығымен көпке танылуы осыған дәлел болса, ал «Қыз алсаң, Қасықтан ал» деген уәлі сөзді Әлжан ананың ұрпақ тәрбиесі жолындағы тағылымды ғұмыры мен ұлы адамды өмірге әкелуі айғақтап тұрғандай.
Бұдан бөлек, осы өңірде «Қасықтықтардың құты қызында» деген де тәмсіл қалыптасқан. Осындай құт дарыған мекенде туып-өскен Әлжан ана расында да қасиет қонған адам болса керек-ті. Бұл туралы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бір сұхбатында: «Өзі қарапайым, сауаты жоқ адам болса да өмірден үйренгені, көрген-білгені көп анам әр уақытта көз алдымда, жүрегімді елжіретіп тұрады. Қиын шешімдер қабылдар кезде түсіме кіріп, ақыл беріп кетеді» деп ана туралы толғанысын білдірген екен.
Батыр бабамыздың басына түнеу арқылы Жаратқанға жалбарынған ана құрсағына Алла қазақтың бағы үшін Нұрсұлтан Әбішұлындай перзент сыйлады. Демек, Әлжан ананың да тегін жан болмағаны даусыз. Бүгінде Елбасымыз қазаққа ғана емес, бүкіл әлемге кеңінен танылған тарихи тұлға, сарабдал саясаткер, кемеңгер Көшбасшы! Бұл ең алдымен Әлжан ананың тұла бойы тұңғышына сіңірген парасатты тәрбиесінің нәтижесі. Бүгінде сол тәрбиенің, сол нәтиженің игілігін туған елі, қаһарман халқы көруде. Бұдан асқан бақыт бар ма, бұдан асқан шаттық бар ма сірә?!
Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Қордай ауданы