Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №25 мекемесінде жазасын өтеушілерді жұмыспен қамту мақсатында «ашық есік» күні өтті.
Шараға Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Қанат Сматов, Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті СЕҰТ бас маманы Динара Мұсаева, Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД №25 мекеме бастығының міндетін атқарушы Марғұлан Сантаев, облыс прокуратурасының аға прокуроры Эльдар Баймешов, облыстық прокуратураның №5 басқарма бастығы Сәкен Маратұлы, «Еңбек-Тараз» РМК филиалы директорының міндетін атқарушы Болат Әміртаев, Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің сектор меңгерушісі Жұбаныш Омаров, Жамбыл облысы Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері – Ғаламжан Базарбеков пен Ербол Жетібаев, Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ернар Оразбай, бөлім басшысы Талғат Базарбайұлы, «Даму» кәсіпкерлік дамыту қоры Жамбыл облыстық филиалынан Бағдат Рахымбердиев қатысты.
«Ашық есік» күні барысында келушілер мекеменің өндірістік аймағында пайдалануға берілетін ғимараттар мен сотталғандардың жасаған өнімдерін көрді. №25 мекеме бастығының міндетін атқарушы Марғұлан Сантаев шараға қатысушыларды мекеменің өндірістік аймағындағы жұмыс обьектілеріндегі әртүрлі өнімдермен, мекемеде жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандармен таныстырып шықты.
– №25 мекемесінде жазасын өтеп, мемлекетке немесе жеке тұлғаларға өтемақылары бар сотталғандар осы кәсіпорында еңбек ету арқылы айлық табысынан қарыздарын өтеп келеді. Осы шара барысында алдағы уақытта жұмыспен қамтылған сотталғандардың санын арттырып, жаңа жұмыс көзін ашу мен кәсіпкерлік субьектілерге қосымша сотталғандарды жұмысқа орналастыру бағыты жоспарланып жатыр, – деді М.Сантаев.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №25 мекемесінде 350-ге жуық сотталған жұмыспен қамтылған. Олар «Еңбек-Тараз» РМК филиалында және 8 кәсіпкерлік нысанда еңбек етуде.
Шара соңында келушілер мекемеде кәсіпкерлерге жасалған мүмкіндіктер жоғары деңгейде екенін атап өтіп, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты.