Сарысу ауданында терезе қауіпсіздігі бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Ағымдағы жылдың 29 шілде күні Сарысу ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері аудан тұрғындарымен тұрмыстағы қауіпсіздік шаралары бойынша, соның ішінде балалардың терезеден құлауын алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара барысында мамандар көпқабатты тұрғын үйлерді аралап, тұрғындарға терезенің ашылуын шектейтін арнайы қауіпсіздік құрылғылары – блокираторлар туралы мағлұмат берді. Блокиратор орнату – балалардың жазатайым құлауын болдырмаудың тиімді әдісі екені айтылды.
Түсіндіру жұмыстары кезінде ата-аналарға қауіпсіздік құрылғысының түрлері, оны қалай орнатуға болатыны және оның артықшылықтары түсіндірілді. Сонымен қатар, жаз мезгілінде ашық терезе мен масаның торына сенуге болмайтыны, себебі олар баланың салмағын көтере алмайтыны ескертілді.
Сарысу ауданының ТЖБ мамандары ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмауға, қауіпсіздік құрылғыларын орнатуға және тұрмыста сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.