Түркиялық компания Жамбылда тұз зауытын салуға ниетті. Бұл туралы Қазақстан және Түркия тараптары арасындағы келіссөздер кезінде белгілі болды.
Аталмыш келіссөздер нәтижесінде тараптар жалпы құны 1 млрд 700 млн долларды қамтитын 22 құжатқа қол қояды деп күтілуде. Келісімдер бүгін Анкара қаласында өтетін инвестициялық форум барысында жүзеге асады деп жоспарланып отыр. Оған екі жақтан 200-ден астам компания қатысуы тиіс. Тараптар әріптестікті нығайту мүмкіндігін де қарастырады.
Соңғы жылдары Қазақстанның инвестициялық ахуалы жақсарды. Көрсеткіштер кестесі Орталық Азия елдері арасында шоқтығы биік екенін байқатады. Сондықтан да шығар, түрік кәсіпкерлері отандық нарыққа қызығушылық танытып келеді. Шетелдік инвесторлар Қазақстан арқылы Еуразиялық экономикалық одақ және Қытай сынды ірі нарықтарға да жол ашқысы келеді. Яғни алдағы форум дер кезінде ұйымдастырылып жатыр әрі үлкен маңызға ие. Онда тараптар ірі қаржыны қамтитын бірнеше құжатқа қол қойуы тиіс.
«Kazakh Invest» компаниясының басқарушы директоры Эрик Якубаевтың айтуынша, ірі жобалардың арасында «Йылдырым Холдингті» атауға болады. Аталған жоба Жамбыл облысында жалпы құны 270 млн долларға тең кальцийлендірілген тұз өндіру зауытын салуды көздейді. Ол бойынша меморандумға қол қойылады. Мұндағы қолдау ұлттық әріптестік пен жергілікті билік тарапынан жасалып отыр екен.
Түркия – еліміздің сауда-саттықтағы негізгі серіктестердің бірі. Мысалы, осы жылдың бірінші жартыжылдығының өзінде мемлекеттер арасындағы сауда 678 млн долларға өскен.
Ақша құю көлемі артты. Мәселен, түркиялық инвесторлар еліміздегі әр салаға қызығушылық білдіріп отыр. Әсіресе, тау-кен металлургиялық, химиялық, жеңіл және агроөнеркәсіп пен құрылыс материалдары өндірісіне маңыздылық беріп отыр. Енді бұл тізімге отандық баламалы қуат көздері де қосылды.
Қос тарап та – сенімді әрі тұрақты әріптестер. Түркия елімізге 3 млрд доллардан астам инвестиция бөлген. Тиісінше, Қазақстанның түрік экономикасындағы үлесі млрд долларға жуық.
Естеріңізге сала кетейік, жуырда Жаңатас қаласында тағы бір тұз зауыты – «Асыл тұз» аумағы 4 га құрайтын зауыты ашылған болатын. Зауыт салуына бөлінген инвестиция құны 710 млн. теңге.
«Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы мен Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында салынды. Зауытта 65 адам қызмет етеді. Қызметкерлерге барлық жағдай жасалған. Болашақта жұмыс орындарын үш есе арту жоспарда бар. «Асыл тұз» зауытының негізгі құрылтайшысы L-Capital холдингінің «ALLTRANS» көлік компаниясы. Зауытта осы компанияның жүзден аса арнайы техникасы іске қосылған.