Түркістанда еліміздегі ең үлкен жылыжай кешені салынады

Түркістан облысында 500 гектардан асатын жылыжай кешендері салынады. Биыл құрылысы басталатын жылыжайда 51 гектар жерге қызанақ егіледі, – деп хабарлады turkystan.kz.

Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды инвесторлармен кездесіп, маңызды жобаны талқылады. Ауқымды құрылыс жұмыстары жоспар бойынша наурыз айында басталып, бір жылдан соң іске қосылады. Облыс әкімі аталған жобаның маңыздылығын атап өтті. Жылыжай мега-кешенінің жобасы «ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингінің қазақстандық серіктесі «Green Land Alatau» компаниясының көмегі арқылы жүзеге асады.

Жоба аясында инфрақұрылым жүргізу жұмыстары жүріп жатыр. Келес ауданында жүзеге асатын инвестициялық жоба аясында мыңға жуық жұмыс орны құрылады. Сонымен қатар инвесторлар агросала мамандарын дайындайтын ресейлік жоғары оқу орындарымен бірлесіп, ауыл шаруашылығы саласындағы білікті мамандарды дайындауды қолға алмақ.

«ЭКО-культура» агроөнеркәсіптік холдингі қызметінің негізгі түрі – өндірістік циклі жыл бойы жалғасатын жабық топырақта көкөніс өсіру. Холдингтің құрамына Ресейдің бірнеше облысындағы жұмыс істеп тұрған жылыжай кешендері кіреді. Инвестициялық жобаны жүзеге асыру үшін климаттық жағдайы қолайлы саналатын оңтүстік өңірі арнайы таңдалған.

«Бұл өңірімізде жүзеге асатын маңызды жобалардың бірі болмақ. Ауыл шаруашылығы саласында мамандардың біліктілігін арттыру да өте маңызды мәселе. Жоба аясында жерлестеріміз үшін жұмыс орындары ашылады. Оған біз қуанамыз. Ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс әрқашан жоғары. Агроөнеркәсіптік кешенді одан әрі дамыту – әлеуеті зор маңызды сала. Осындай ірі жобаны жүзеге асыру біз үшін маңызды», – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар инженерлік инфрақұрылымды жүргізу, инвестициялық субсидиялар және жобаны қаржыландыруға қатысты мәселелерді мұқият пысықтауға келісті. Заманауи жылыжай кешендері өсіп жатқан дақылдардың толық циклін бақылайтын, жылыту жүйесі мен салқындатуды, жарық режимін, тамшылатып суаруды, атмосферадағы көмірқышқыл газының мөлшерін басқаратын заманауи автоматтандырылған климаттық бақылау жүйесімен жабдықталатын болады.

Comments (0)
Add Comment