ТҮРКІСТАН ҚОЛӨНЕР МҰРАСЫ ЖӘНЕ ТУРИЗМНІҢ БОЛАШАҒЫ»

Бүгін Түркістан қаласында «ТҮРКІСТАН ҚОЛӨНЕР МҰРАСЫ ЖӘНЕ ТУРИЗМНІҢ БОЛАШАҒЫ» атты халықаралық қолөнершілер форумы өтті.
Жиынға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, сөз сөйледі.
Шаһар басшысы өз сөзінде Тараздың Дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енуі ұлттық өнердің дамуына серпін бергенін айрықша атап өтті.
Тараз қаласы аталған тізімге кірген кезде шаһарда 70-тен астам қолөнерші жұмыс істеген болса, бүгінгі күні олардың саны 250-ден асты. Сонымен қатар, қалада «Өшпес Мұра», «Қолөнер-Тараз», «Қолөнершілер одағы», «Шебер Шаңырақ», «Альянс Хас Шебер» сынды 5 қоғамдық бірлестік белсенді жұмыс атқаруда.
Қолөнершілердің дүниежүзілік қаласы мәртебесінің арқасында тараздық шеберлер соңғы екі жылда бірқатар халықаралық көрмелер мен фестивальдерге қатысып, ел абыройын арттырып келеді. Атап айтқанда: Қоқанд-2023, Бұхара-2024 (Өзбекстан), Нарын-2024, Қазан-2023, Уфа-2024, Милан-2023, Париж-2023, Кучинг-2023 сынды шараларда еліміздің қолөнері лайықты деңгейде таныстырылды.
Сонымен қатар, 2025 жылдың 27–28 мамыр күндері Жамбыл облысында креативті индустрияны дамыту мақсатында «Қолөнершілер үйі – халықтық өнер және туризм орталығы» атты креативті хабы ашылды. Іс-шара аясында акселерациялық оқыту курстары мен креаторлар форумы ұйымдастырылып, халықтық өнердің үш бағыты бойынша (керамика, былғары өңдеу, киізден бұйым жасау) шеберлік сабақтары өткізілді.
2024 жылдан бастап Тараз қаласында «Қолөнершілер үйі» өз жұмысын бастады. Мұнда шеберлерге барлық қажетті жағдайлар жасалған. Сондай-ақ ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.
Іс-шара барысында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Дүниежүзілік қолөнершілер қауымдастығының құрметті елшісі Азиз Муртазаев, Түркия Республикасының Түркістан қаласындағы бас консулы Левент Гуркан, Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымында Қазақстан Республикасының өкілі Нышанқұл Қаратаева, Орта Азия қолөнер ұйымының президенті Эльдар Аттакуров, Тәжікстан қолөнер шеберлері одағының президенті Абдукаххор Хамдамов, Қолөнершілер палатасының президенті Дамели Жанашева сөз сөйлеп, қолөнер саласын дамыту, қолөнершілерге жағдай жасау туралы ой-пікірлерін ортаға салды.
Comments (0)
Add Comment