Өңірлік экологиялық саммит аясында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) Будапешттегі өкілдігінің атқарушы директоры — ТМҰ жанындағы Құрғақшылықтың алдын алу институты басқарма төрағасы Балаж Хендрик және институттың атқарушы директоры Ласло Орлошпен кездесті.
Тараптар су тасқыны мен құрғақшылықты болжау және олардың алдын алу саласындағы екіжақты өзара іс-қимылды дамыту мәселелерін талқылады. Қазіргі таңда ТМҰ институты мүше елдерден шамамен 20 жоба ұсынысын іріктеп алған. Қазақстанмен бірлесіп ұлттық деңгейдегі екі жоба әзірленіп жатыр.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сарапшылар деңгейінде талқылаулар өткізуге және одан әрі ынтымақтастық бағыттарын айқындауға келісті. Сондай-ақ тараптар кадр даярлау саласындағы ықтимал өзара іс-қимылды талқылады.
🗣️«Біз үшін ынтымақтастығымыздың нәтижелі болуы аса маңызды, өйткені ол Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып отыр. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі бірлескен бастамаларды іске асыруға белсенді қатысуға дайын. Сіздің институттың тәжірибесі мен білімі Қазақстандағы құрғақшылықты болжау және оның алдын алу жүйелерін жетілдіруге көмектесетініне сенімдімін»,
— деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Өңірлік экологиялық саммит — климаттың өзгеруі, табиғи ресурстарды тұрақты басқару және басқа да өзекті экологиялық мәселелерді шешу үшін Орталық Азия елдері мен өзге мемлекеттерді біріктіруге бағытталған халықаралық іс-шара. Саммитті БҰҰ-мен серіктестікте өткізу бастамасын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында ұсынған болатын.