Ауылдағы ағайынның тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған қанатқақты жоба Мойынқұм ауданындағы Айдарлы ауыл тұрғындарының да ынтасын арттыра түскенін. Оған журналистер облыс әкімінің тапсырмасы бойынша ұйымдастырылған пресс тур барысында көз жеткізді. 2,4 мың халық тұратын ауылда 363 отбасы тұрады екен. Пилоттық жобаның бірінші бағыты бойынша яғни ондағы ауланың 95 пайызы қамтылған. Ал екінші бағыт аясында 127 отбасы несие алуға өтінім беріп, оның 55 пайызы тиісті қаражатына қол жеткізген. Ол қазіргі таңда 537 бас мал алып, төлдете бастапты. Аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Қалымбетовтың сөзінше, мал шаруашылығы бойынша тұрғындар сүт бағытына басымдық беріп отыр екен. Ол үшін алдағы уақытта танкер және сүт таситын арнайы көлік те сатып алу жоспарларында. Сондай-ақ ауылда құрылған ауыл шаруашылығы кооперативіне көлемі 4 гектар жерді қоршап берген. Ол үшін аудандық бюджеттен 12 миллион теңге бөліп, онда кеңсе салынған. Сонымен қатар ол жерден сүт өңдейтін цех бой көтермек. Сөйтіп ол нысандардың барлығы ауыл шаруашылығы кооперативіне сенімгерлік басқару негізінде берілетін болады.