Бүгін Қордай ауданына ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі
Мырзағалиев Мағзұм Маратұлы іссапармен келді. Аудандағы жұмыс сапарын Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Б.Нығмашев және аудан әкімі Р.Дәулетпен бірге Сарыбұлақ ауылдық округіндегі «Георгиевск» магистральді каналының жұмысын көруден бастады. Өткен жылы құрылыс жұмыстары басталған ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасының негізінде жүзеге асып жатқан бұл су жүйесінің ауылдағы дихандарға берері мол. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «TARAZ QURYLYS INVEST» жауапкершілігі шектеулі серіктесігінің өкілі каналдағы құрылыс жұмыстарының еш кедергісіз жүріп жатқандығын және ағымдағы жылдың қараша айында жоспарға сәйкес аяқталатындығын баяндады. Мағзұм Маратұлы «Бұл каналдың ауылдағы шаруаларға маңызы жоғары, сондықтан да құрылыс жұмыстары барынша сапалы, әрі мерзімінде іске асу керек, құрылыс жұмыстары кезеңінде ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылуы тиіс » деп бас мердігер мен тиісті сала мамандарына тапсырма берді. Кейіннен аудандағы су тапшылығы мәселесін жою мақсатында жоспарланып отырған Ырғайты және Қалғұты су қоймаларының жобаларымен танысып, құрылыс жұмыстарын бастау үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін жеткізді.