Аудан әкімі Бегзат Болатбеков Қордай ауылында орналасқан «ҚАЗСУШАР» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Жамбыл филиалына қарасты «ЖМК-43» құрылыс-жөндеу бөлімшесінде болды. Аудан басшысының арнайы аталмыш мекемеге баруының өзіндік жөні де бар. Биылғы жылғы су тапшылығына байланысты алдағы уақытта оның алдын алуға бағытталған жұмыстар басталған. Аудан әкімі тікелей бақылауына алған жұмыстар аясында аталмыш мекеменің де алар орны ерекше. Негізгі жұмысы Қырғызстан Республикасы аумағындағы «Орто Токой» су қоймасынан бастап «Қара балтаға» дейінгі каналдарға техникалық жөндеу жұмыстарын жүргізетін мекеме өңірімізге суармалы судың дұрыс келуіне үлкен себепкер болып отыр. Мекеме жұмысын Қазақстан Республикасы қаржыландырады. Биыл соған қарамастан су мөлшерінің аздығынан шаруалар шығынға ұшырады. Аудан әкімі мекеме жұмысымен таныса келе, техниканы жаңарту және өзге де мәселелер бойынша «ЖМК-43» құрылыс жөндеу бөлімшесі басшысы Бауыржан Рахимовпен сөйлесті.
«Негізгі жұмысымыз сонау «Орта Токойдан» бастап «Кара балтаға» дейінгі аралықтағы каналға техникалық тазалық жұмыстарын жүргізу. Оның ішінде «Шөміш» торабына да техникалық жөндеу жұмыстары біз арқылы іске асады.Оған қажетті техникамыз да бар, бірақ көбісі ескірген, — дейді Б.Рахимов.
«Биыл ауданда сурамалы суға байланысты үлкен проблема туындады. Оны жақсы білесіздер. Біздердің қазіргі мақсатымыз келер жылы жағдайдың алын алу. Сол үшін де осындай мекемелерді аралап, қажет болса жалпы жұмысын жандандыру, техникасын жаңарту бойынша мәселелерді назарға алуымыз қажет. Келер жылы қалай да су тапшылығының алын алып, шаруаларға барынша жағдай жасау біздің міндетіміз. Сондықтан бірлесе жұмыс атқаратын боламыз», — деген Бегзат Сейсенқұлұлы бірқатар жауапты мамандарға тапсырмалар жүктеп, өзінің ұсыныстарын ортаға салды.