Атырау облысына іссапармен барып, өңір тұрғындарымен есептік кездесу өткіздім. Жиында тұрғындарға су саласында атқарып жатқан жұмыстарымыз жайлы баяндадым.
Атап айтқанда, Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының мәліметінше, соңғы 2,5 жылда Каспий теңізіне 35 млрд текше метрден астам су жіберілген. Оның ішінде шамамен жартысы — 17 млрд текше метрден астам су 2024 жылы тіркелген ауқымды су тасқыны кезеңіне тиесілі. Ал 2026 жылдың басынан бері Каспий теңізіне 6,16 млрд текше метр су бағытталды.
Жаңа Су кодексін іске асыру мақсатында министрлігіміз Қазақстандағы өнеркәсіптік кәсіпорындарды түгендеу жұмыстарын аяқтады. Еске сала кетсем, былтыр қабылданған Су кодексіне сәйкес кәсіпорындар бес жылдық мерзімге арналған айналымды сумен жабдықтау жүйесіне көшу жоспарын әзірлеуге міндетті. Ал қолданыстағы жүйелер ең үздік қолжетімді технологияларды пайдалана отырып жаңғыртылуы тиіс.
Қазіргі уақытта осындай 168 жоспар әзірленген. Мұндай құжаттарды еліміздегі барлық кәсіпорын дайындауы қажет.
Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында Қазақстанда су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны бес есеге артты. 2024 жылға дейін мұндай технологиялар жыл сайын орта есеппен 30 мың гектар алқапқа енгізілсе, 2024 және 2025 жылдары бұл көрсеткіш жылына 150 мың гектарға жетті.
Былтырдың қорытындысы бойынша Атырау облысында жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелері арқылы 9,3 мың гектар жер суарылып, нәтижесінде 12,8 млн текше метр су үнемделді. Ал биыл су үнемдеу технологиялары қосымша 800 гектар аумақта енгізілді.
Кездесуде Атырау облысының тұрғындары жаңа су қоймасын салу, жерасты су көздерін барлау, су үнемдеу технологияларын енгізу үшін электр энергиясын субсидиялау және ирригациялық каналдарды реконструкциялау мәселелері бойынша сұрақтар қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Бұдан кейін азаматтарды жеке қабылдадым. Онда каналдар арқылы су жеткізудің тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Есептік кездесудің қорытындысы бойынша жауапты департаменттердің басшыларына нақты тапсырмалар берілді.