Смартфон қызып, ақша жоғалса

Қазақстандықтарға жаңа қауіп туралы ескерту жасалды. 

Қазақстанда Android негізіндегі смартфондарға зиянды қосымша орнатып, жеке мәліметтерді қолды қылатын алаяқтар көбейген деп хабарлайды Ertenmedia.kz.

Ішкі істердің мәліметінше, алаяқтар фишинг сілтемелерді мессенджерлер арқылы таратып, вирустарды сурет, видео немесе құжат ретінде бүркемелейді. Сондай-ақ банктердің, мемлекеттік органдардың және жеткізу қызметтерінің атынан жалған қосымшалар мен хабарламалар тарату жағдайлары жиілеген.

Бұдан бөлек, түрлі акциялар мен ұтыстарға қатысуды ұсынған қоңыраулар арқылы да адамдарды алдап, зиянды қосымшаларды жүктеуге үгіттейді.

Мамандардың айтуынша, мұндай қосымшаларды орнату өте қауіпті. Өйткені алаяқтар смартфонды толықтай басқаруға қол жеткізіп, банк шотындағы қаржыны жымқырып, онлайн несие рәсімдеп, жеке хат-хабарлар мен мәліметтерді ұрлайды. Кей жағдайда смартфонды бұғаттап, қайта ашу үшін ақша талап етеді.

Мұндайға тап болмас үшін…

ІІМ мұндай жағдайға тап болмас үшін бейтаныс адамдардың өтінішімен қосымша орнатпауды, күмәнді сілтемелерді ашпауды және SMS-кодтарды ешкімге жібермеуді сұрайды. Сонымен бірге әр қосымшаның рұқсатын мұқият тексеріп, антивирустық бағдарламаларды орнату мен банк операциялары туралы хабарлама функциясын іске қосқан жөн дейді полиция.

Смартфонға вирус жұққанын батареяның тез бітуінен, құрылғының қызуынан немесе бұрын-соңды орнатылмаған қосымшалардың пайда болуынан байқауға болады.

«Егер смартфонда күмәнді әрекет байқасаңыз, бірден интернетті өшіріп, банкпен хабарласып, құқық қорғау органдарына дереу жүгініңіз. Әрқайсымыздың цифрлық қауіпсіздігіміз өз қолымызда», – деп ескертті министрлік өкілдері.

Ertenmedia.kz.

Фото: polisia.kz

Comments (0)
Add Comment