Шу ауданында «Бірыңғай республикалық медиация күні» өтті. Оның аясында медиатор мамандар аудан тұрғындарымен кездесуі өтті, – деп хабарлайды «08info» ақпарат агенттігі.
Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиынды аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Е.Юлдашбаев жүргізіп, аудандық соттың судьясы М.Мыстаев арнайы қатысты.Е.Юлдашбаев жиынның мақсатын атап өткеннен кейін, сөз кезегін М.Мыстаевқа берді. Аудандық соттың судьясы «медиация» деген ұғымға, кәсіби, кәсіби емес медиатордың міндетіне түсінік беріп, осы әдіспен шешімін тапқан мәселелер жайындағы тәжірбиелермен бөлісті. Атап өтерлігі, жиынға қатысушылардың басым көпшілігі ауыл ақсақалдары болды. Себебі, кәсіби емес медиаторлардың жұмысын дәл осы аузы дуалы, сөзі өткір ауыл ақсақалдары жүргізе алады. Соның бір дәлелі, мінберге шыққан ақсақал Т.Расилов өзінің кәсіби емес медиатор болып бірнеше жылдан бері жұмыс атқарып жүргенін, араздасушылардың сотқа жүгінбес бұрын қандай мәселелерді бітімгершілікпен шешкенін әңгімелеп берді. Одан бөлек, бүгінде жергілікті жұртшылық өкілдерінің мәселесіне үлес қосып, медиаторлық міндетті абыроймен атқарып жүрген З.Қалиева, У.Инаркиев, Т.Абдулла сынды кәсіби мамандар да ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Аталған жиында тұрақтылық пен тұтастықты сақтаудағы медиацияның қоғамдағы рөлі талқыланып, салада атқарылып жатқан шаруалар баяндалды. Сұрақтарға жауап беріліп, аудитория тарапынан ұсыныстар айтылды.
Жиналғандар медиация туралы түсініктерін кеңейтіп, қажетті мағлұматтардан құлағдар болды.