Бүгін Шу ауданына жаңа әкім тағайындалды. ҚР Президент әкімшілігінің және аудандық мәслиxаттың келісімі бойынша, Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Жарылқасын Әбдіғапарұлы Айтақов Шу ауданының әкімі қызметін атқаратын болды.
Облыс басшысы Асқар Мырзаxметов аудан активіне жаңа әкімді таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі. Асқар Исабекұлы Шу ауданының өндіріске бейім, мал шаруашылығына қолайлы екенін ескеріп, жаңа әкімге өнеркәсіп өндірісінің жұмыстарын жандандыруда, өңірдің экономикасы мен әлеуетін арттыру жолында мол жауапкершілік жүктеп, сенім білдірді.
Жарылқасын Әбдіғаппарұлы артылған сенімді ақтауға тырысатынын жеткізді. Ал, бұған дейін аудан әкімі қызметін атқарған Қайрат Досаев Тараз қаласының әкімі болып тағайындалды.
Айта кету керек, Жарылқасын Әбдіғапарұлы Айтақов 1962 жылы туған, ұлты қазақ, білімі жоғары. Жамбыл гидромелиоративті құрылыс институтын «гидромелиоративті жұмыстарды механизациялау», М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «заңгер», «Әулие Ата» университетін «педагогика және психология», Жамбыл гуманитарлық техникалық университетін «экономика және бизнес» мамандықтары бойынша бітірген.
Ж.Айтақов әр жылдары Ресей Федерациясы, Калуга облысындағы Кондров жылжымалы механикаландырылған колоннасының учаскелік механигі, Жуалы ауданы №15 Бурный кәсіптік училищесінде оқытушы, директордың орынбасары, Жуалы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, аудан әкімінің аппаратында бөлім меңгерушісі, аппарат басшысы, аудан әкімінің орынбасары, Жамбыл облысы әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, Жуалы аудандық мәслихатының хатшысы, Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданының әкімі қызметтерін атқарған.
2017 жылғы маусымнан бастап Жамбыл облысының Тексеру комиссиясының төрағасы лауазымы қызметін атқарып келді.