Шешімін күткен

мәселе аз емес

Өткен аптада аудан әкімі Жарылқасын Айтақов шалғайдағы Шоқпар және Далақайнар ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, өткен жылы атқарылған жұмыстардың есебін берді. Аудан басшысы алдымен әрбір салада қол жеткізген көрсеткіштерге тоқталып, кейіннен ауылдықтардың талап-тілегіне құлақ түрді. Сондай-ақ, аудандық мәслихат хатшысы Ержан Өмірәлиев те халық қалаулыларының өткен жылы атқарған ауқымды жұмыстарын баяндап берді.

Расын айту керек, аудан орталығынан шалғайда орналасқандықтан ауылдағы мәселелерді аудан әкіміне күнделікті жеткізіп отыру мүмкін емес. Осыны ескерген ауылдықтар елді мекендегі ең күрделі түйткілдерді ортаға салды. Мәселен Бақыт Кененбаев есімді тұрғын ауыз су мәселесі қашан шешімін табатынын сұраса, Шарипа Жаманбаева ауыр жүк көліктері жолға артық салмақ түсіріп жатқандығын жеткізді. Айта кету керек, ауылдағы жиі өшетін электр жарығы да мұндағы тұрғындар үшін мазасыз мүйіске айналған. Айтуларынша, бұл мәселені түпкілікті жою үшін трансформатор мен жарық бағаналарын ауыстыру керек екен. Аудан әкімі аталған мәселені назарға алып, шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді. Есепті кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандыратын басқа да мәселелерді көтеріп, сауалдарына жауап алды.

Далақайнардағы кездесуде де бірқатар мәселелер көтеріліп, ауылдағы шешімін күткен түйткілдер әңгіме өзегіне айналды. Мұнда ең әуелі ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Жомартбек Балтабаев сөз сөйлеп, өткен жылғы оң өзгерістерге ризашылығын білдірді. Одан кейін іргетасының қаланғанына жарты ғасырдан асып кеткен ауылдық клубтың қабырғасы сөгіліп тұрғанын жеткізген ауыл ақсақалы ауылға мәдениет ошағының жетіспей тұрғанын айтты. Өз кезегінде Жарылқасын Әбдіғапарұлы ауылдық клубтың мәселесі кезең-кезеңімен шешілетінін, сәтін салса, алдағы жылдары бұл түйткіл түбегейлі жойылатынын тілге тиек етті. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Далақайнар ауылының тұрғындары бұрыннан мал шаруашылығын кәсіп етіп келеді. Ауылдықтардың негізгі күнкөрісі де дәл осы төрт түлікпен біте қайнасып жатқандықтан, малдың амандығы алғашқы орында тұратыны айтпаса да белгілі. Сол себепті де жергілікті жердегі мал ұрлығына алаңдаушылық білдірген ауыл тұрғыны Қуат Зауырбеков барымташыларға қарсы шара қолданып, малмен жан баққан ағайынға қол ұшын созуды сұрады.

Ал зейнеткер ұстаз Әділ Тоқтыбеков ауылдағы мектептің ұзақ жылдар бойы қоршаусыз тұрғанын, сондай-ақ, көше жолдарының да әбден тозығы жеткенін айтты. Сонымен қатар, бұрнағы жылдары елімізге Қытайдан қоныс аударған Төкен Мұхамеджан есімді ауыл тұрғыны жайылымдық жерге қатысты мәселені көтерді. Айтуынша, төрт түлікті түгел өргізген далақайнарлықтарға жайылымдық жерге қол жеткізу мұңға айналған көрінеді. Тұрғындардың талап-тілегін мұқият тыңдаған аудан әкімі жайылымдық жердің мәселесін аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Данияр Утеповке тапсырды. Бұдан бөлек, мал ұрлығы, көше жолдары және білім ошағына қатысты мәселелерді де назарында ұстайтынын жеткізді.

 

***

Аудан әкімі Ж.Ә.Айтақовтың жыл бойы атқарған жұмысы туралы есептік кездесуі үстіміздегі аптаның дүйсенбісі мен сейсенбісінде Шу қаласының және аудан орталығы – Төле би ауылының тұрғындарымен өтті.

Шу қаласында өткен кездесу қала әкімінің уақытша міндетін атқарушы Ж.Нұрғалиевтің  есептік баяндамасынан бастау алды. Осыдан кейін аудан басшысы жылдық есебі бойынша баяндама жасап, алдағы ауқымды жоспарлармен де бөлісті. Тұрғындарды толғандырған мәселеге кезек берілгенде бірінші болып қол көтерген қала тұрғыны А.Рахымбаев «Қант зауыты» шағын ауданы бойынша ауыз су мәселесі қашан ретке келтірілетінін, Нұрпейісов көшесіне қашан жол салынатынын сұрады. Бұл сұрақтарға жауап берген аудан басшысы ауыз су, жол салу сынды әлеуметтік маңызы бар жұмыстар жоспарлы жүргізіліп жатқандығын айтты. Ал, қалалық №40 мектеп-лицейінің директоры Г.Тұрлыбек мектептердегі дәретханалардың сыртта орналасуы оқушылар үшін қауіпті екендігін және қала мектептерінде жас мамандардың жеткіліксіздігін, оларды жұмысқа тарту үшін қажетті жағдай жасау керектігін тілге тиек етті. Бұл мәселелерге байланысты аудан басшысы биылғы жылы аудандағы барлық мектептердің дәретханалары ішке кіргізілетіндігін түсіндірді. Сол секілді білім  ошақтарын көгілдір отынмен қамту мәселесі де көп көтеріліп келеді. Бұл мәселе де шешімін тапқалы отыр. Әр білім беретін мекемеге жобалық-сметалық құттамалар әзірленіп, жыл соңына дейін білім беру мекемелері газға қосылады деп күтілуде.

Облыстық мәслихат депутаты Н.Ким қала көшелерінде асфальттауды қажет ететін көшелердің бар екендігін атап өтті. Жарылқасын Әбдіғапарұлы жылдық жоспар және аудан мен қала бюджетіне сәйкес, жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін атап өтті. Сол секілді тұрғындар тарапынан ауызы ашық құдықтарды жабу жөнінде мәселе көтерілді. Осы мәселені ретке келтіру үшін аудан басшысы тиісті мекемелерге тапсырма берді.  Одан бөлек, тұрғындар қала тазалығына көңілі толмайтындықтарын жеткізді. Расында қалада тазалық ақсап тұр. Бірақ «тазалық тазаланған жерде емес, таза ұсталған жерде» екендігі белгілі. Демек, тазалықты тұрақты жүргізу тұрғындарға байланысты болмақ. Ал қала әкімшілігі тарапынан бұл жұмыс қашан да жүйелі жүргізіліп отыратындығын жергілікті жұртшылық көзбен көріп келеді. Осыны айтқан Ж.Айтақов тазалық жүгін жұмыла көтеруге шақырды.

Кездесу соңында аудан басшысы тұрғындарды жеке қабылдап, сұрақтарына жауап берді.

Екінші күні есепті кездесу Төле би ауылындағы «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратының мәжіліс залына лық толы жиналған төлебиліктермен өтті. Мұнда да алдымен Төле би ауылдық округінің әкімі Е.Даберовтың есептік баяндамасы, артынша аудан әкімінің есебі тыңдалды. Өткен жылы аудан орталығында атқарылған игі істер баршылық. Мәселен, ауыл тұрғындарының ауыз суға қосылуы мықтап қолға алынып, ескірген құдықтар толығымен қайта жаңартылды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 22 көше жолдары, 2 жаяу жүргіншілер жолы жөнделіп, 11 көше жарықтандырылды. Одан бөлек, тозығы жеткен ғимараттарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңа нысандар салынуда.  Тұрғындар демалысына арналған «Даңқ аллеясының» көркіне көрік қосылып, орындықтары жаңартылып, 20 сәнді орындықтар мен 20 қоқыс жәшіктері орнатылды.

Өткен жылы 5 мекеме кәріз жүйесіне қосылған, сол секілді тағы 20 мекемені толығымен кәріз жүйесіне қосу жұмыстары жасалуда.  Округтегі өзекті мәселелердің бірі – тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған полигон орнын ауыстыру болатын. Бұл мәселе де шешімін тауып, полигон үшін 5 гектар жер дайындалып, орнын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.

Тұрғындарды осындай жақсы жаңалықтармен қуантқан ауыл әкіміне қойылған сұрақ та аз болды, тіпті сұрақ қойғаннан алғыс білдіргендер басым болды.

Ауыл тұрғыны А.Нашарбеков Төле би көшесінің орталық алаң тұсындағы жаяу жүргіншілерге арналған жолақтың көрінбейтіндігін, одан бөлек,  дәл осы тұсқа бақылау камерасын орнату жөнінде ұсыныс білдірді.  Ал ауыл ақсақалы Т.Оңланбеков М.Мақатаев атындағы орта мектеп жанындағы көлік тұрағын  кеңейту қажеттігін атап өтті. Аталған мәселелер шешімін табатындығын жеткізген аудан әкімі Төле би ауылында жыл ішінде көп жұмыс атқарылғанымен, әлі де біраз мәселеге мән беру керектігін тілге тиек етіп, кездесуді қорытындылады.

Ерғали АСХАТҰЛЫ,

Балнұр ЖЕКСЕНБЕКҚЫЗЫ.

Суреттерде: есеп беру жиынынан  көріністер.

Суреттерді түсірген

Петр Норкин.

Comments (0)
Add Comment