Әулиеата өңірінде Халық жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туған күні аталып өтті.
Ш.Мұртаза атындағы Руханият орталығының ұйымдастыруымен «ШЕРАҒАНЫҢ ШЕКПЕНІНЕН ШЫҚҚАНДАР» тақырыбында Республикалық әдеби кеш өтті. Аталған кешке редакторлардың редакторы Ш.Мұртазамен қызметтес болған, өздерін «Шерағаның шекпенінен шыққанбыз»,- деп санайтын көрнекті журналистер мен жазушылар қатысты.
Шерхан Мұртазаның туған жеріндегі шаңырағында өткен бұл әдеби кеште «Шерағаның шекпенінен шыққандар» деп аталатын жаңа кітаптың таныстырылымы өтіп, қаламгер туралы көптеген естеліктер айтылды. Сондай-ақ, қонақтардың тарапынан жазушының мұраларын насихаттау бағытында бірнеше ұсыныстар айтылып, қарар қабылданды.
Айта кетейік, «Шерағаның шекпенінен шыққан» қаламгерлерге Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай шекпен жауып, құрмет көрсетті.
Кеш соңында көркемсөз шебері, халықтың қалаулысы болған Шерағаның рухына құран бағышталып, ас берілді.
Ғазиза Ақмахан, Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі.