Шенеуніктер депутаттың сұрағына жауап бере алмады

Мәжілістегі Үкімет сағатында депутат Ерлан Саиров шенеуніктерден орманда интернет және ұялы байланыс қызметі қашан қосылатынын сұрады. Алайда олар сауалға толық жауап бере алмады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат 2023 жылы Абай облысында болған орман өртін еске салды. Қайғылы оқиға салдарынан 14 адам көз жұмған болатын.»Абай облысындағы өрт кезінде орманшылар ұялы байланыс істемейтініне және орманның ішінде интернет жоқтығына тап болды. Сондағы орманшылардың айтуынша, азаматтардың қайтыс болуына ұялы телефонның болмауы себеп болған. Бүгінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі орманда және орман шаруашылықтарында ұялы телефон байланысы мен интернет болуы үшін нақты қандай жұмыстар істеп жатыр?» — деді Ерлан Саиров.

Цифрлық даму вице-министрі Асхат Оразбектің айтуынша, орманда тұрақты ұялы байланыс қызметін орнату мүмкін емес.

«Мобильді байланыс қарапайым азаматтарға керек, ал құтқарушыларға арнайы радио байланыс қажет. Енді орман аумағындағы елді мекендерді мобильді байланыспен «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында қамтамасыз етеміз. 2027 жылға қарай ауылдарды интернет және мобильді байланыс болады. Елді мекендерден алыс орналасқан орман шаруашылықтары бар. Мұнда байланысты тек спутниктік технология арқыты орнатуға болады… Орман шаруашылықтары мен ормандарда интернетпен қамтамасыз ету іс жүзінде мүмкін емес», — деді министрдің орынбасары.

Оның пікірінше, бұл проблеманы басқа жолмен шешуге болады. Бүгінде арнайы заң жобасы әзірленген.

«Заң жүзінде бұл талап болғанын қалаймыз. Заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленді. Мәжіліс құжатты бірінші оқылымда мақұлдады, яғни цифрландыру және байланыс бойынша түзетулер енгізілді. Апат болған жағдайда ұялы байланыс операторлары жылжымалы мобильді станцияларды ұсыну міндеттемесін жүктейтін норма заңға енгізілген», — деді Асхат Оразбек.

Вице-министрдің жауабы депутаттың көңілінен шықпады.

«Мәселеге немқұрайлы қарау осы жүйені құртады. Мен нақты сұрақ қойдым. Өкінішке қарай, сұрағыма жауап ала алмадым. Бұған дейін ТЖМ өкілі сұрақты министрлікке бағыттады. Енді вице-министр «Цифрлық даму министрлігі нақты не істейді?» деген сұраққа жауап бере алмай отыр. Сіздер неге бір-бірлеріңізге сілтей бересіздер? Мен Цифрлық даму министрлігіне «Орманның ішінде ертең тағы өрт болса, интернет және ұялы телефон бола ма, болмай ма?» деп нақты сұрақ қойдым… Міне, осы сұраққа кім жауап береді?» — деді Ерлан Саиров.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев та сауалға нақты жауап бере алмады.

«Биыл күзде барғанда «Лесхоз» деген ауылдардың біреуінде ұялы байланыс болмады. Мұны білемін. Себебі экономикалық орындылық деген бар. (Интернет пен ұялы байланыс — еск.) адам және үй санына байланысты қойылатын дүние екен. Шыны керек, біз адам саны жетпейтіндіктен (интернет, ұялы байланыс — еск.) орнатылмайды деген соң қоя қойдық. Өзім барып, жиналыс өткізгенде телефондарымыздың істемей тұрғаны шындық», — деді ол.

Аяз Есен

Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/basty-zhaalytar-438/101128/?fbclid=IwAR0PAhoRRAJm0oI1y9iHWKbT9jDEsgYk2SmuEG79noM-SKT2CIez4QkDQZw

Comments (0)
Add Comment