Шекара шебі мықты болсын десек

Мемлекеттің мықтылығы шекаралық аймақтардан көрінеді. Ондай ай­мақ­тарда тұратын халықтың көп болуы саяси-эко­номикалық тұрғыдан тиімді құбылыс. Ал ше­каралық аймақтарда халықтың тығыз қо­ныстануы үшін не керек? Әрине, ол жерде тұра­тын халықты жұмыспен қамтамасыз етіп, өмір сүруге қолайлы жағдай жасау керек.

Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығында жұ­мыс­­сыздық көбейіп, ауыл халқының жаппай қа­ла­ға көшуі белең алды. Тіпті, экономикамыз бір­шама тұрақтанды деген жағдайдың өзінде ауыл­дан қалаға үдере көшу тоқтай қойған жоқ. Неге? Демек, ондағы тұрғындар үшін өмір сүруге әлі күн­де жөндеп жағдай жасалмады деген сөз.

Шекаралық аймақтар босап қалса, ол елдің қауіпсіздігіне қатер төн­ді­­­ретін фактор екенін естен шығармауға тиіс­піз. Бізбен көршілес Ресей, Қытай, Өз­бек­­стан секілді елдерде бұл мәселеге баса мән беріп, шекаралық аудандарында қа­ла­лар салып жатыр немесе өздерінің ше­ка­ра­лық аймақтарындағы халқына эко­но­ми­калық жағынан қолдау көрсетіп, ха­лықтың тұрақтануына, оларды жұмыспен қамтуға күш салып жатыр. Қытай мемлекеті Қа­зақ­стан­мен шекаралас жерлеріне халықты топ­тастырып жатыр. Мәселен, 2009 жылы Цзи­нхэ – Құлжа – Қорғас теміржолы салса, Қор­ғас шекара өткелі аймағында Шыңжаң өн­дірістік-құрылыс ғимаратының бө­лік­тері тұрғын үй инфрақұрылымы бой кө­тер­ді. 2014 жылғы 26 маусымда Қытай Ха­­лық Республикасы Мемлекеттік Кеңе­сі­нің жарлығымен Қорғас уезінің батыс бө­­лігі Қорғас жеке қалалық уезіне ай­нал­ды­рыл­ды. Солайша шығыстағы алып көр­ші­­міз бізбен шекаралас аймақта халықты кө­бейтіп, оған жағдай жасап жатыр. Бұл бір ғана мысал.
Ал солтүстіктегі Ресей елі де Қазақ­стан­мен шекаралас аймақтарындағы халықты тұ­рақ­тандыру үшін ондағы тұрғындарға жағ­дай жасап, көмек көрсету арқылы же­міс­ті нәтижеге қол жеткізіп жатыр. Мәсе­лен, соңғы жылдары олардың бізбен ше­ка­ра­лас аудандарындағы халықтың өсуі (кө­­­беюі) екі-үш есеге өскендегі туралы ақ­параттар бар. Сондай-ақ олар Қиыр Шы­ғыс­тағы Қытай мемлекетімен шекаралас ай­мақтарда да халық санын көбейтуге қол жет­кізген.
Оңтүстіктегі өзбек елінің де Қазақ­стан­­мен шекарадағы халқы бізге қара­ғанда жиі қо­ныстанған. Мұны біздің Түр­кістан облысының Сарыағаш ауданы­мен шекаралас жердегі Өзбекстан халқы­ның орналасуы мен санына қарап-ақ көз жет­кізуге болады. Сарыағаштан шекараға өту­ден-ақ өзбек елінің Ташкент облысына бір­ден кіресің, халық тығыз. Тіпті, өзбек елі­нің астанасы да осы маңға таяқ тастам жер­де тұр. Біздің тек Өзбекстандағы қара­қал­пақ елімен шектесетін тұста ғана халық си­рек қоныстанған. Себебі шекараның ар­ғы жағы да, бергі жағы да шөлейтті дала.
Ал қырғыз еліне келетін болсақ, Жам­был облысымен шекаралас аймақта Қыр­ғыз Республикасының халқы тығыз қо­ныстанған деуге болады. Алматы – Шым­кент трассасының бойымен бара жатқанда қыр­ғыз елінің астанасы Бішкектің өзі таяқ тас­там жерде тұрғандай әсер береді.
Жалпы, түбі туыс өзбек, қырғыз ел­­­­дерімен шекарада анау айт­қандай үлкен проблемалар жоқ, дегенмен ол елдермен шекаралық аймақтарда да ша­шылып жатқан халықтың етек-жеңін жинап, шекараға тау жерлерде заманауи, х­а­лықты жұмыспен қамти алатын шағын мо­но­қа­лалар салып қойғанның артығы жоқ.
Бізде қазіргі кездегі басты назар ау­да­ратын шекаралық аймақ − Солтүстік Қа­зақ­­­­стан мен Шығыс Қазақстан облыстары бо­лып отыр. Солтүстік Қазақстанда қазақ­тар­­дың үлесі аз, оның бұл аймақтарда ауыл­дар қаңырап бос қалып, аудандардағы ха­лық саны азайған. Ал Шығыс Қазақстан об­лысы Қазақстанның Ресей, Қытай және Моңғолия елдерімен шекаралас солтүстік-ш­ы­ғыс бөлігінде орналасқандықтан ол жерлерді күшейту елдің қауіпсіздігі үшін маңызы үлкен.
Шығыс Қазақстанда Қатонқарағай, Күршім деген табиғаты керемет аудандар бар. Туризмді дамытуға аса қолайлы. Бірақ бұл жаққа туристерді тартуға жасалып жат­­қан шаралар көзге түспейді. Егер соны жа­­сар болса ол жердегі халыққа жұмыс та­­былып, тұрғындардың сыртқа қоныс ау­даруы тоқтап, сол жердегі елдің өсімі көбейер еді ғой. Кейінгі жылдарда бұл ай­мақ­тардағы халық сиреп, жастары қалаға кө­шіп, ауылда тек мал ұстайтын жасы ұл­ғайған кісілер ғана қалғаны айтылып жа­тыр. Соның кесірінен мектептер жабылып, ауылдар таратылуда. Бұл шекаралық ай­мақ­­тардың халықсыз қалуына әкеліп соқ­тырмаса не қылсын? Бұған не себеп? Анау бір жылдары шекаралық аудандарды бірік­тіру үдерістері жүргізіліп, аудан орталық­тары басқа жерге көшкеннен кейін, мемле­кет­тік мекемелер жабылып, сонымен күн кө­ріп отырған халық жұмыссыз қалған. Оның үстіне шалғай аудандарда өндіріс жә­не өнеркәсіп орындары жоқтың қасы.
Статистикалық мәліметтерге көз сал­сақ, Шығыс Қазақстан облысын­да 1997-2011 жылдар аралығында ғана ше­кара­лық аудандардағы 45 елді мекен елі­міздің картасынан жойылып кеткен, яғни олар халық тұратын аймақ ретінде өмір сүруін тоқтатты деген сөз. Соның кесірінен 20-дан астам мектеп жабылды. Ал 2012 жыл­ғы деректе (15 жыл ішінде) Зайсан, Қа­­­­тонқарағай, Күршім, Үржар аудан­дары­нан (бұлардың барлығы Қазақстанның ше­каралық аймақтары) 90 мыңға жуық адам көшіп кеткен. Одан кейінгі сегіз жыл­дың ішінде 49 мектеп жабылған. Жалпы, 2009 жылы 69 мектеп жабылып, 48 мектеп қайта ұйымдастырылған. Мұның бәрі ше­кара­лық аймақтардағы халықтың ішкеріге қарай көшіп, көптеген ауылдың жойылып кеткенінің көрінісі…
Мектеп мәселесі сөз болып жатқанда айта кетейік, осыдан бірер жыл бұрын Алматы қаласының Алатау ауда­нын­дағы бір мектепте қыркүйек айында мектеп есігін енді ашқан шәкірттердің көп болғаны себепті «р» сыныбы, ал Наурызбай ау­данындағы Қалқаман поселкесіндегі бір мектепте «ю» сыныбы ашылғаны жайында баспасөзде ақпараттар жарияланып жатты. Шындығында бұл қала халқының табиғи өсімі емес, қалаға сырттан көшіп келуші­лер­дің көптігінің және қалада бос жер бол­са зәулім үйлерді есепсіз тұрғыза бере­тіндіктің айғағы ғана.
Қазақстан негізінен аграрлы ел. Ұлан-бай­тақ далада егін егетін, мал бағатын жер­­лер көп. Бірақ ана бір жылдары тұрғы­лық­ты халықтың ауыл маңындағы мал жайып, егіншілікпен шұғылданатын жер­лер­дің бәрін жекеменшікке берудің салда­ры­нан ондағы ел жеке малдарын бағатын жер таппай тығырыққа тірелді. Бұл елімізді аграрлық жақтан дамытуға үлкен кесірін тигізген жағдай болды. Мемлекет қайткенде де ауыл халқының жағдайын жасайтын шаралар жасағаны жөн.
Шекаралық аймақтардың эконо­ми­ка­сын дамытуға жеткілікті көңіл бө­лінбей жатқаны жасырын нәрсе емес. Әйт­песе, ауыл халқының жағдайының қа­лай қиындап кеткенін жоғарыдағылар көр­­мей-білмей отыр деуге ауыз бармайды. Кеңестік кезеңде еліміз халқының көп­ші­лігі ауылда тұрғаны мәлім. Себебі онда жұ­мыс бар еді, халық еңбек етіп нәпақасын тауып отыруға жағдай жасалған еді. Енді ке­ліп мынадай экономика күнде құбылып тұр­ған заманда ауыл халқына «өз күніңді өзің көр» деуге бола ма?
Жерді сақтау керек болса, ауылды сақ­тау керек. Ондағы халықта таза ауызсумен, жұ­мыспен, интернет және ұялы байла­ныс­пен толық қамтамасыз ету қажет, әйтпесе әлем­дегі «тоғызыншы территорияңды» қалай қорғайсың? Шекара маңы халықсыз болса, шекараның қауіпсіздігіне кім кепіл бе­ре алады? Сондықтан шекаралық аудан­дарды барынша күшейту үшін ол жерге халықты тығыз қоныстандырудың жолын тап­пасақ болмайды. Шекаралық аймақ­тар­дағы халық бай тұруы үшін барлық ша­ра­­ларды қабылдау керек. Жұмысы бар, жағ­­­дайы жақсы халық басқа жаққа көше ме?
Бүгінгі күндегі аса өзекті мәселенің бі­рі – еліміздің барлық аймағын мемле­кет­тік ақпарат саясатына сәйкес радио-те­л­е­ви­­­дениемен, ұялы байланыспен, интернет жүйе­сімен толық қамтамасыз ету. Онсыз бол­май­ды. Мәселен, шығыстағы шекара­лық ау­дандарға барсаң Қытайдың, солтүс­тікке бар­саң Ресейдің, оңтүстікке барсаң қырғыз бен өзбектің ұялы байланыстары сиг­налы біз­дің жерімізге толық өтіп тұр. Мұны қа­лай түсінуге болады?
Мәселен, Жамбыл облысының Қордай ау­­данының үстінен өтетін Алматы – Шым­кент трассасында бара жатсаң ұялы теле­фо­ныңа «Добро пожаловать в Киргизстан» деген хабарлама келіп, сол елдің ұялы бай­ланысына қосылуға ұсыныс жасап тұра­ды. Мен өз елімде жүріп басқа елдің ай­мағына кіріп кеткендей сезімде боламын. Бұны шектеу керек. Еліміздің шекарасынан өзге елдің байланыс сигналдары өтпеуі керек!
Ұзын сөздің қысқасы, тәуелсіздігіміз баянды, еліміздің іргесі берік болсын десек, Қазақстанның шекаралық аймақтарындағы халықтың көбеюіне барынша күш салуы­мыз керек. Ол үшін шекаралық аудан­дар­дың, ауылдардың халқының экономикасын барынша көтеріп, оларға ерекше мәртебе беру қажет. Бізге мегаполистердің көбеюі емес, шекарамыздың мықты болғаны маңыз­ды.

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

https://turkystan.kz/article/230062-shekara-shebi-mykty-bolsyn-desek/
Comments (0)
Add Comment