Өткен аптада облыс әкімі Асқар Мырзахметов Индонезия мемлекетінің астанасы Джакартада өткен Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қабылдап, құрмет көрсетті.
Кездесуде аймақ басшысы өңір спортының дамуына өлшеусіз үлес қосып, ел, облыс мерейін үстем еткен спортшылардың ерен еңбегіне алғысын білдірді. Асқар Исабекұлы аймақта спорт саласына бағытталған қаражат көлемінің жыл санап артып жатқанын, енді Азиададан кейін қамқорлық тағы еселенетінін және жаңа спорт нысандары бой көтеретіндігін жеткізді.
Жалпы, Джакартада ұлттық құрама сапында 29 спортшымыз бақ сынаған болатын. Олардың қатарында каратеден Гузалия Гафурова мен ватерполшымыз Алтай Алтаев алтыннан алқа тақса, былғары қолғап шеберлеріміз Әбілхан Аманқұл мен Асланбек Шымбергенов күміспен күптелді. Сондай-ақ, ватерполдан қыздар құрамасы да күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал, жеңіл атлет Светлана Голендова, таэквондошы Руслан Жапаров және жүзушіміз Әділ Қасқабай қола жүлдемен қуантты.
Ал, Қарғызстан мемлекетінде жалауы желбіреген ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойынында бақ сынаған армрестлингшілеріміз абыройымызды асқақтатты. Жерлестеріміз алты алтын, екі күміс медаль жеңіп алды. Спортшыларымызды күтіп алу шарасында облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков жампоздарымызды жарқын жеңістерімен құттықтай келе, мұндай толайым табыс өскелең ұрпақ үшін үлгі-өнеге екенін баса айтты.
Өз кезегінде сөз алған даңқты спортшымыз Дмитрий Трубин қолдау білдірген жанкүйерлеріне алғысын білдірді.
– Көшпенділер ойынында осал спортшы болған жоқ. Барлығы жеңіс жолында барын салды. Десе де, біздің спортшылар да білгенінен жаңылмай, жеңіске деген жігер таныта білді. Енді алда Молдова мемлекетінде өтетін халықаралық жарыс пен «Vendetta All Stars» турнирі күтіп тұр. Міне, осы додаларға дайындықты қазірден бастаймын.
Тілеуімізді тілеп, көшпенділер ойынында бізге сенім артқан барлық жамбылдықтарға тек алғыс айтамын, – деді жеңімпазымыз.
Айта кетейік, ІІІ Дүнижүзілік көшпенділер ойынында Дмитрий Трубин екі бірдей алтын медаль жеңіп алса, Оксана Письменная мен Антонина Лисянская да осы нәтижені қайталады. Ал, Вали Фараджов екі күміс жүлдені еншіледі.
Иә, облыс абыройын асқақтатып, көк байрағымызды жеңіс тұғырында желбіреткен дарабоз спортшыларымыз қандай мақтауға да лайық.
Жасасын, Жамбыл спорты! Жарайсыңдар, жампоздар!