Сауытбек Ұсаұлының «Ақбөпе» әні туралы

Аңыз бойынша шұрайлы Шу өзенінің жиегіне табан тірегенде абыз Асан Қайғы бабамыз «Мына шіркіннің екі жағы борбас екен, баланың іші қуырылмайтұғын, пышағы қыннан суырылмайтұғын, еркегі ат болатұғын, ұрғашысы жат болатұғын жер екен» депті дейді.

Аңыз болса да, әр аңыздың түбінде бір ақиқат бар. Шу өлкесі ежелден ән мен жырға бай, көркемдік кеңістігі қалыптасқан мекен. Талай таланттың томағасын сыпырып, тұғырына қондырған қасиетті мекенде қазақ өнерінің салтанаты жарасым тапқан. Ал Шу өңірінің Қосқұдық мекенінде дүниеге келіп, «Ашаның алты салы» халық өнерпаздарының бірі ретінде белгілі болған Сауытбек Ұсаұлының орны бір төбе.

Сауытбек есімі аталғанда әуе­лі ойға атақ­ты «Ақбөпе» әні оралады. Сол әнді қазақ­тың дүлдүлі атанған Иса Байзақовтың өзі «Саукеңнің әні» деп ерекше құрметпен орындаған дейді. Дерек бойынша, Сауытбек ақын жиырма жеті жасқа келгенде Шу өңі­ріндегі қыпшақ Өтелбай деген кісінің Ақбөпе деген қызына ғашық болған екен. Ақбөпе де ақынды ұнатады. Алайда ақынның бере салатын қалың малы жоқ. Қызды алып қашуға ретін таба алмай жүргенде Қордай жеріндегі Тантай деген бай мал беріп, Ақбөпені алып кетеді. Қайғыдан қан жұтқан Сауытбек соңынан қуып, Шу өзенінің оңтүстік шығыс жағындағы Ұлан жерінің тұмсығына дейін келіп жете алмай қалады. Амалы таусылған ақын сол маңдағы Аралтөбе деген жердегі Күдері деген байдың үйінде отырып, Сәлімбай, Сақпантай деген бедел­ді азаматтарға мұңын шағып, Ақбөпе қызды әнге қосады.

«Аралтөбе түбінде бес үй отыр, Айырылып Ақбөпеден несіне отыр? Әлдеқашан бір ой­ран етпес пе едім, Кедейшілік қолымды кесіп отыр?» деген әні қазақтың сол кездегі әрбір мықты деген адамының тағдырынан хабар бергендей. Өзі ақын, өзі сал Сауытбек кедейшілікке қорланады. Тағдырға назын айтады. Белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков өзінің Жамбыл Жабаев туралы жазған «Жүз жыл жырлаған жүрек» деген кітабында «Ақбөпе» әнін Затаевич «Қазақтың мың әні» деген жинаққа енгізген. Жамбыл «Қайран Саукеңнің «Ақбөпесі» деп үнемі ыңылдап айтып отырған. Бұл әнді Кенен Әзірбаев та жақсы көретін. Жамал Омарова мен Ғарифолла Құрманғалиевтің орындауында бұл әнді радиодан тыңдайды. «Ақбөпені» мәнісіне келтіріп айтатын кісінің бірі марқұм, халқымыздың ардақты өнерпазы Құрманбек Жандарбеков еді» деп жазады. Құрманбек Жандарбеков болса өзінің «Көргендерім мен көңілдегілерім» атты кітабында да Отан соғысы жылдары үгіт бригадасымен ел аралағанда, Шудағы Сауытбек ақынның өз аузынан үйренгенін әсерлі баяндайды. Ақын отызыншы жылдары қуғын көріп, ақыры Сәкен Сейфуллинге өлеңмен хат жазады. Хатты ақынның жиені Смайыл Қалипанов Сәкеннің өзіне апарып тапсырады. Сол кезде Сәкен Сейфуллин Смайыл­­дан Сауытбектің өлеңдерін тыңдайды, «Ақбөпе» дастанын ерекше ұнатады. Сүйгеніне қосыла алмаған Ақбөпе де қайғыдан он тоғыз жасын­да қайтыс болады.

Ақбөпе де ақын болған. Оған Сауытбек екеуі­нің айтысы дәлел. Ақын қыздың «Сауыт­бек шыдамаспын келгеніңше, Жолыңда менің басым өлгенімше. Бойыма ішкен асым тарамай­ды, Жүремін қайтіп шыдап көргенімше. Жа­ныс­тар хабарласты келемін деп, Әкем де жүруші еді беремін деп. Келе алмай қалып кетсең, мен саған жоқ, Онан соң ойламағын көремін деп» дегені де сүйгеніне мұң шаққан заман теңсіздігінің көрінісі.

Жалпы, Сауытбек пен Ақбөпе туралы тағдырлы әңгімелер көп. Ақбөпені Тантай байдың алып кетіп бара жатқанында, екеуінің жасырын Сақ қарттың ауылында жолыққаны да аңызға бергісіз әңгіме. Кезінде Жамбыл Жабаевтан бастап қазақтың көрнекті тұлғалары жоғары бағасын берген «Ақбөпе» әні қазақ әнінің керемет үлгісі деуге болады. Жәнібек Кәрменов, Аяз Бетбаев сияқты өнерпаздардың орындауында да бұл ән өзгеше түрленіп, жаңаша күйге енді. Әлі күнге дейін халықтың жадында.

Бүгінде Шу аудандық Алға ауылдық окру­гіне қарасты Сауытбек елді мекені бар. Сонымен қатар аудан орталығы Төле би ауылынан ақын атына көше берілген. Осы уақытқа дейін туған жерінде бір ескерткіш орнатылмапты. Ешқандай мектепке аты берілмеген. Болашақта Сауытбек пен Ақбөпенің еңселі ескерткіші аудан­ төрінен орын алса тіпті дұрыс болар еді. Алайда Шу ауда­ны әкімінің орынбасары Клара Қожағапанова бүгінде аудандық музейде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, келешекте сол музейден ақын шығармаларын насихаттайтын бұрыш ашуға ниетті екенін жеткізді. Бүгінде есімі көп атала бермейтін ақын онсыз да әлі ашылмаған арал сияқты. Ал Ақбөпе қыздың тағдыры, Сауытбекпен айтысы жайлы аздап жазылғанмен, түбегейлі зерттелген жоқ. «Ақынын ардақтаған ел азбайды» дейді халқымыз. Сол ақынды әуелі туған жері ардақтаса, қалың қазақтың ұмытпайтынына сенім мол.

egemen.kz

Comments (0)
Add Comment