Қайырымдылық шаралары әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, көпбалалы отбасылардың балаларын қолдауға бағытталған.
Бүгін Жаңатас қаласындағы орталық алаңда қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Шараға қатысқан аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев қала тазалығымен айналысатын қоғамдық жұмысшыларды арнайы құттықтап, жаңа жылдық сыйлықтар үлестірді. Игілікті шараға ат салысқан «Казфосфат», «Асыл тұз», «ЕвроХим», «Жаңатас жел электр станциясы» сияқты ауданымыздағы іргелі кәсіпорындар 100 отбасыға азық түліктер таратса, «Жарас» ЖШС-і 50 отбасыға 1 қап ұн мен 5 литр сұйық майдан таратты. Сонымен қатар, аудандағы мекеме және кәсіпорындардың ұйымдастыруымен 80 отбасыға азық түлік себеті таратып, қайырымдылық көрсетілді.
Күні кеше ғана аудан әкімінің атынан аудандағы интернат тәрбиеленушілеріне жаңа жылдық құттықтаулар ұйымдастырылып, сыйлықтар үлестірілсе, бүгін аудандағы 2000 оқушыға сыйлықтар табысталды.
«Шын мәнінде, амалдар ниетке байланысты. Расында, адамға ниет еткені тиесілі», – деген тағылымды хадис бар. Жақсы ниет жақсылыққа жетелейді.
Айта кету керек, ауданымызда меценаттар, жеке кәсіпкерлер мен кәсіпорындар және жеке тұлғалардың демеушілігімен жыл басынан бері көптеген қайырымдылық, ізгілік шаралары өткізілді.
Мәселен, Ұлыстың ұлы күні, Қарттар күні, Республика күні мерекелерінде аз қамтылған 100-ден аса отбасыға азық-түлік себеті, «Құрбан айт» мерекесінде әлеуметтік жағынан жағдайы төмен 1750 адамға 2 түйе, 20 ірі қара, 332 ұсақ малдың еті таратылды.
«Мектепке жол» Республикалық акциясы аясында 723 балаға 13 млн. 332 мың 700 теңгеге мектепке қажетті түрлі жабдықтары мен мектеп формалары алынып берілді.
Сонымен бірге, «Асар» жобасы соңғы жылдары қарқынды жүзеге асып, баспанасыз жүрген біраз отбасыға қуаныш сыйлады. Жыл басынан бері 7 отбасы баспанамен қамтылып, жыл соңына дейін 2 үй беріледі.
«Мейірім», «Жомарт түлек», «Жомарт жүрек» жобалары аясында да атқарылып жатқан жұмыстар ауқымды.
Адам жанының ізгілігінен, рухани дүниесінің байлығынан шығатын осынау игілікті іс, ізгілікті шара өз жалғасын таба бермек.
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі