Елімізде кезектен тыс Президент сайлауы басталды. 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арналған Жолдауда Мемлекет басшысы ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізуді тапсырды.
Жалпы аудан халқы 44,7 мың адамды құрайды (5 092 аула, 12 638 отбасы, 226 көше бар). Оның ішінде, сайлаушылар саны — 25 245 адам (56,4%). Мүмкіндігі шектеулі сайлаушылар саны – 1 109 адам.
Ауданда 25 сайлау учаскесі жұмыс жасайды, құрамында 168 адам бар. Таңғы 7.00-де барлық сайлау учаскесі Мемлекеттік Гимнмен ашылды.
Сайлау күнімен қатар Дүниежүзілік балалар күніне орай ауданда мерекелік кештер мен жәрмеңкелер ұйымдастырылуда.
Қазақстанда Президент сайлауы 1991, 1999, 2005, 2011 және 2015, 2019 жылдары өткен.
Аудан әкімі М.Сұлтанғалиев №363 сайлау учаскесінде дауыс берді.
«Бүгін еліміз үшін аса маңызды оқиға. Қазақстан азаматтары өздерінің конституциялық құқығын пайдалана отырып, алдағы 7 жылда еліміздің дамуына үлес қосады. Аудан халқы өздерінің бірлігін көрсетіп, өз таңдауын жасайтынына сенемін», — деді Марат Қырғызәліұлы.
№363 айлау учаскесінде 2780 сайлаушы бар.
Дарабоз сыйлығының иегері дауыс берді
Сарысу ауданының Құрметті азаматы, «Дарабоз» сыйлығының екі дүркін иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы Пернебай Дүйсенбин Жаңатас қаласы 2 шағынаудандағы Ш.Уәлиханов мектеп-гимназиясының ғимаратында орналасқан №364 сайлау учаскесінде дауыс берді.
«Сайлауға қатысып, таңдау жасау әр Қазақстан халқының міндеті. Бүгін туған еліміз — Қазақстанда үлкен қуанышты мереке болып жатыр. Біз өз таңдауымызды жасау арқылы еліміздің болашағына нық сеніммен қараймыз», — деді Пернебай Дүйсенбин.
№364 сайлау учаскесінде дауыс берушілер саны – 2455. 80 жастағы сайлаушылар – 25, 18 жасқа толған сайлаушылар – 15.
Саудакенттегі сайлаушылар белсенді
Ауыл халқы таңмен келіп, азаматтық позицияларын көрсетуде. Қазіргі сәтте белсенділік артып келеді. Биыл ғана 18 жасқа толған Қошанова Мәншүк алғашқы сайлауына қатысып, ел ертеңіне бей-жай қарамайтындығын көрсетті. Жалпы 370 сайлау учаскесінде 1646 сайлаушы болса, оның 80 жастан асқаны -31, жас сайлаушы – 19.
Арыстанды ауылының халқы татулық пен бірлікке дауыс береді
Жамбыл облысындағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған 25 елді мекеннің бірі – Арыстанды ауылы. Киелі қара шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқан күрд ұлтының азаматтары сайлауға белсенділік танытуда.
Ауыл ақсақалы Ахметов Вали 85 жаста. 40 жыл шопан болып еңбек еткен. «Елдің бірлігінен асқан бақыт жоқ, ел ертеңі үшін дауыс береміз»,- деді Вали қария.
Арыстанды ауылы бойынша 202 сайлаушы болса, оның 80 жастан асқандары – 11.