«Асарлатып үй салу» жобасы аясында көпбалалы отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталды.
Сарысу ауданында «Асарлатып үй салу» жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Аталған шараға ауылдың ерікті жастары, кәсіпкерлер мен демеушілер тартылып, құрылыс материалдарын сатып алу, құрылысын салу жұмыстары жүргізілуде.
Жоба шеңберінде тағы бір отбасы баспанаға ие болды.
1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Байқадам ауылдық округіне қарасты Саудакент ауылының тұрғыны, бес балалы әке Лесбек Жүнісовке жаңа үйдің кілті табысталды. Салтанатты шараға аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев қатысып, баспанаға ие болған көпбалалы отбасының қуанышымен ортақтасты.
Аудан әкімдігінің бастамасын қолдаған 1983 жылғы ауыл жастары пәтер иесіне кір машина мен теледидар сыйлады.
Әлеуметтік аз қамтылған отбасыға 2 млн теңгеге үй сатып алынып, тағы 1 млн теңге қаражат күрделі жөңдеу жұмыстарына жұмсалған.
Лесбек Ысқақұлы көпшілікке үлгі боларлықтай игі істер өз жалғасын таба берсін деп, қайырымды жандарға алғысын білдірді.
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі