Сарысу қашан серпіледі?

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Сарысу ауданында жұмыс сапарымен болып, аудан активінің қатысуымен аймақтағы индикаторлық көрсеткіштердің орындалу барысы туралы жиын өткізді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне жүргізілген жан-жақты талдау нәтижелері мұнда бірқатар салалардың дамуына тежеу болатын жайттардың бар екендігін айқындады, – деп хабарлайды «08info.kz» ақпарат агенттігі облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәселен өңір экономикасының өзегі саналатын кәсіпкерләк саласы жаңа жобаларға зәру. Индустриалды-инновациялық жобалар ойдағыдай орындалмауда. Ал, өз жұмысын жақында ғана бастаған «Асылтұз» кәсіпорынын шикізатпен қамтамасыз ету мәселесі өз шешімін таппаған. Аудан аумағындағы қызметін тоқтатқан кәсіпорындардың да ортақ базасын жасау ісі жолға қойылмаған.
Ауыл шаруашылығы саласындағы межелі міндеттердің дені орындалмағанымен аудандағы агро сектор алшаң басты деп айтуға ауыз бармайды. Себебі, 7000 гектарға мақсары дақылын еккен шаруалар күні ертең дайын өнімді өткеру мәселесіне тап болғалы тұр. Сол секілді, өңірде сүт өңдейтін бірде бір кәсіпорын жоқ. Актив жиынында басқарма басшылары Сарысу ауданындағы айналымнан шығып қалған жер телімдері мен жайылымдық жерлерді игеру мәселесіне де ерекше назар аударды. Басқосуда бұл салада білікті маман тапшылығы да айтылды.
Жыл санап халқының саны арта түскен Жаңатас қаласында құрылысқа қарқын қосатын кез жетті. Себебі, аудан орталығындағы 16 тұрғын үй жөндеуден қажет етеді.
Салалық басқарма басшылары аудандағы кей ауылдарға ауыз судың сағаттап қана берілетіндігіне тоқталды. Есесіне судың бағасы қымбат. Дәл осы мәселелерді басты назарға алған өңір басшысы аудан әкіміне белгілі бір мезгілде индикаторлық көрсеткіштерді толығымен орындауға күш салу қажеттігін ескертті.

Comments (0)
Add Comment