Сарысу ауданында 714 азамат әскерге шақырту алған

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2022 жылғы наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» 2022 жылғы 4 наурыздағы Жарлығына сәйкес Сарысу ауданында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Осы орайда аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлім қызметкерлерімен бірлесіп, әскерге шақырту жұмыстары бойынша аудан тұрғындарымен кездесті.
Кездесуге әскерге шақырту алған азаматтар мен олардың ата-аналары қатыстырылып, қорғаныс саласының мамандары ел қорғаны болатын ерлердің азаматтық борышын өтеу бойынша жұмыстарының маңыздылығына тоқталды.
Марат Қырғызәліұлы өз сөзінде көкірегінде намысы, бойында күш-қуаты бар, Отан үшін отқа түсетін әрбір азамат әскер қатарында болып, ел тыныштығын күзетуге өз үлесін қосу керектігін жеткізді.
Айта кету керек, аудан бойынша әскери құрылымдардың қатарын 18-27 жас аралығындағы 714 жаңа буын толықтырады деп күтілуде.
Аталған іс-шара Саудакент ауылында да жалғасын тапты. Онда әскери есепке алынған 119 азамат пен олардың ата-аналары шақыртылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Comments (0)
Add Comment