Сапаровтың «ұмытшақтығы»: субсидия алған туыстар туралы сұрақ жауапсыз қалды

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров туыстарының мемлекеттен субсидия алуына қатысты сұраққа ашық жауап беруден бас тартты.

Журналистер министрдің 2023 жылы қызметке тағайындалған кезде «ауыл шаруашылығында жүрген ағайын-тумаларым мемлекеттен субсидия алмайды» деген сөзін еске салды.

Алайда бұған дейін БАҚ-та оның ағасы «Ноғайбай» ШҚ иесі Алтынбек Сапаров 2019-2020 жылдары бюджеттен жалпы сомасы 713 млн теңге көлемінде субсидия алғаны туралы ақпарат тараған болатын.

Брифинг барысында журналистер соңғы үш жылда министрдің жақындары мемлекеттік қолдау алды ма деген сауал қойды.

«Мен осы сұраққа талай рет жауап бердім, интернетті, YouTube-ты шолып шығыңыздар. Менің оған ешқандай қатысым жоқ екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Еш жерде құрылтайшы емеспін. Олар өз жұмыстарын өздері біледі. Серіктестер, пайшылар бар. Сол пайшылардың біреуі наразылық танытып немесе шағым айтқанын естідіңіздер ме? Барлығы өз жұмысын жоғары деңгейде атқарып жатыр. Мен қатыспаймын, білмеймін және білгім де келмейді», – деді Сапаров үкіметтегі баспасөз мәслихатында.

Министр әлгі мәселені неге жеке сұрақ деп есептейтіні туралы сауалға да тікелей жауап бермей, бұрынғы мәлімдемесінде барлық ақпарат бар екенін қайталады.

Айта кетелік, Айдарбек Сапаров Ауылминнің алдында Солтүстік Қазақстан облысын басқарған. Министрдің туған-туыстарының бизнесі негізінен осы өңірде шоғырланған. Сапаровтың әйелі мен баласының бизнесі де ауыл шаруашылығымен байланысты.

Ertenmedia.kz.

Коллаж: Ertenmedia.kz

Comments (0)
Add Comment