Санти Шуберт, Индонезия тұрғыны: Қазақша жаңылтпаштарды көзімді жұмып, жатқа айта аламын

Жуырда әлеуметтік желіде тара­ған бір бейнежазбада индо­не­зия­­­лық Санти Шуберттің қазақша жаңыл­­тпашты мүдірмей айтып шық­қа­нын көріп қайран қалдық. Сантидің TikTok-тағы жеке парақшасына жүк­тел­ген бұл видео 10 миллионнан астам қа­ра­лым жинаған. Индонезия астанасы Джакартада тұратын, әлеуметтік желіні бел­сенді қолданатын ол қазақша жаңыл­тпашты айтуға қолданушылары итер­мелегенін айтады. Қызық үшін түсірген әлгі видеодан соң қазақтілді достар та­бамын деп еш ой­ла­маған Сантиге ха­бар­ласып, аз-кем сұхбат­тасқан едік.

– Алдымен ел ішінде кеңінен та­рал­ған әлгі видеодан кейін сіз туралы көп дерек білгісі келетін оқырман қауымға өзіңізді таныстыра отырсаңыз.
– Менің аты-жөнім – Санти Шуберт. 1995 жылдың 12 сәуірінде Индонезия ас­та­насы Джакартада дүниеге келгенмін. От­басында екі қыз тәрбиеленіп өстік. Мен – үйдің үлкенімін. Бұған дейін FMCG ком­па­ниясында дижитал маркетинг жөніндегі менеджер болып жұмыс істегенмін. Онда компанияның түрлі әлеуметтік желідегі же­ке парақшаларын жүргіздім. Бұл істің қыр-сырын білдім. Бәлкім, қазір әлеуметтік желілерде белсенді болуым да сол себептен болар. Негізі, менің хоббиім – фильмдер қарау және TikTok, Instagram желілеріне ви­деоконтент әзірлеу. Тағы бір айта ке­тер­лігі, көрген киноларымның сценарийін ә де­геннен-ақ жаттап алатын «әдетім» бар. Со­сын сол кинодан естігенімді үйде қай­та­лап жүремін. Бірде сіңлім екеуіміз «Шери­на­ның басынан кешкендері» атты индо­незиялық танымал фильмді бірге көретін болып келістік. Әлгі фильмнің сценарийін қай­талап отырғаным сіңлімнің ашуына ти­ді (күліп). Сол сценарийді қайталағаным­ды видеоға түсіріп, TikTok желісіне жүк­те­генім сол еді, әп-сәтте басқа желілерге т­а­рап кетті. Сол кезде әлеуметтік желілерге қы­зық әрі пайдалы контент әзірлеуім дұ­рыс екенін түсіндім. Айтпақшы, мен 2021 жы­лы бизнес менеджмент мамандығы бойын­ша магистратура бөлімін бітіргенмін. Бірақ қазір әлеуметтік желідегі парақшамды дамытуға ден қойғандықтан, мамандығым бойынша жұмыс істемеймін. Бірақ қызық болсын деп әлеуметтік желідегі аккаун­тым­ды индонезияша (бахаса) «Жұмыссыз ма­гистрант» (S2Pengangguran) деп атадым (күліп).
– Жаңылтпаш айтуды да есте сақтау қабілетіңіз жақсы болған соң қолға ал­дыңыз ба?
– Иә. Бірнеше фильмнің үзінділерін ды­быстап, оны желіге жүктеген соң көп қол­данушы қолдау білдіріп, оң бағасын бер­ді. Кейбірі «Мынаны дыбыстап көрсең қай­теді?» дегендей пікір айтып, бірнеше нұс­қа қалдырып кететінді шығарды. Әлгі ви­деолардың дені – бұрынырақта Индоне­зия­да кеңінен таралғандар. Одан бері көп уа­қыт өтсе де, әлгі видеоларда айтылғанды дәл менің дыбыстап, қайта таратқаным қол­данушылардың көңіліне майдай жақса ке­рек. Бәлкім, олар мұны қызық көретін шы­ғар. Анығын білмедім. Сөйтіп, олар күн сайын түрлі видео жіберіп, дыбыстап, өз па­рақшама жүктеуімді өтіне бастады. Бұ­рын кең таралған видеоларды дыбыстау оңай іс деп айта алмаймын. Бастапқыда қи­нал­ғаным рас, бірақ кейін бұл іс өзіме де қызық көрінді. Оған қоса, күн сайын жаңа нәрсе үйреніп, өзім үшін көп жаңалық ашып жатқаныма қуаныштымын.
– Ал қазақша жаңылтпаштарды кім тауып берді?
– Кейін достарым мен қолданушыларым жаңылтпаш айтудан жарысқандардың ви­деоларын жібере бастады. Ол видеолар да ин­донезиялықтар ішінде кең таралған. YouTube платформасына жүктелген сол ви­­деолардың бірінде қазақстандық дик­тор­лардың студияда отырып жаңылтпаш айтқаны бейнеленген. Олардың мұнысына таңғалып, «Олар мұны қалай жаңылыспай ай­­тады?» деп аң-таң болдым. Мені қызық­тыр­ған тағы бір мәселе, әлгі видеоны көр­ген соң «Олар әдетте мұны эфир басталмай тұ­рып істей ме сонда?» деген ой маза бер­мей қойды. Кейін мені бұрыннан ба­қы­лайтын қазақстандық қолданушылардың бірі­нен сұрағанымда ол «Иә. Олар анық сөй­леу үшін әрі сөйлеу тілін дамыту үшін жаңа­лықтар басталғанға дейін осылай жаңылтпаш оқиды» деп жауап берді. Осы­лайша, қазақша жаңылтпаштарды мен де қай­талай бастадым. Негізі, жаңылт­паш­тар­ды жиі қайталаудың пайдасы көп. Алдымен өзге тілдегі жаңылтпашты мүдірмей айтып шығамын деп біраз қызыққа «баттым». Сон­дай-ақ жаңылтпаш айтып жарысу ар­қылы өз-өзіңізге деген сенімділігіңіз арта түседі.
– Ұзақ әрі қиын қазақша жаңылт­паш­ты көзіңізді жұмып, жатқа айтқа­ныңыз бізді таңғалдырмай қоймады. Расымен, бұл өзіңіз айтқандай, есте сақтау қабілетіңіз жақсы дамығаны­ның дәлелі болса керек.
– Рақмет! Расымен, естігенімді тез жат­тап алатын қасиетімді маған берілген сый деп білемін. Қазақ тілін әлгі видеодан ал­ғаш рет естігенде бірден назарым соған ауды. Қазақша жаңылтпашты естіген бойда жат­тап алғанымды қойын дәптер бетіне тү­сіруге асықтым. Бұған дейін қазақ тілін естіп көргенім жоқ, сондықтан оны бірден мүдірмей айтып, видеоға түсіру қиынға со­ғатын еді. Алғашында дикторлардың айт­қанын қайталай алмайтынымды түсі­ніп, бұл идеядан бас тартқым келді. Бірақ бастаған істі соңына дейін жеткізуге тыры­сып-бағып, қайталаған сайын өз-өзіме «Бұл менің қолымнан келеді!» деумен болдым. Соңында дикторлардан кем емес айтып шық­қан­дай болдым (кү­ліп). Бір қызығы, бұл видео осын­шалық кеңінен таралып, ізін­ше мыңдаған қазақтілді қол­данушы ме­­нің парақ­шама тіркеледі деп еш ой­ла­­ма­дым. Бұл мен үшін күтпеген жағ­дай бол­ды. Де­ген­мен Ин­до­не­зиядан алы­сырақ жер­де ор­наласқан өз­ге елде мені қол­дай­тын мүд­делес­терімнің ба­ры мені қуан­тады. Жал­пы, мен өзім әзір­леген әр ви­деоның астына пі­кір қалдырған қол­данушылардың, соның ішінде қазақ­стан­дықтардың әр пікіріне құлақ асамын. Әр­бірін құрметтеймін. Осы ви­деоны жүк­теген соң қазақтар толассыз пі­кір жаза бастады. Олардың жазғаны жа­ғым­ды эмо­циялар мен көтеріңкі көңіл күй сый­лады. Оның үстіне, қазақ тілі менің ана ті­лім емес еке­нін ескеріп, әлдебір қателік­терім­ді беті­ме баспай, қайта қолдау білдір­геніне қатты риза болдым. Расымен, уақыт бөліп, маған пікір жазған оларға көп алғыс айтқым келеді. Бұйырса, бір күні олармен кездесе­міз деп үміттенемін.

– Жаңылтпашты мүдірмей айтқан ви­деоңыз он миллионнан астам қара­лым жинайды деп күтпеген боларсыз?
– Ешқашан! Мұндай ықпал болады деп тіп­ті де ойламағанмын. Мен әзірлеген ви­део­ны осыншама адам қарайды деп елес­тетпегенмін де! Мен ол видеоларды қызық үшін, көңіл көтеру үшін жүктеймін. Мұны дыбыстағанда ойымда «Бұл видео кеңінен таралады-ау» деген ой мүлде болған жоқ. Барлығы кездейсоқ болды. Қазақша жаңылт­паштың дыбысталуын ұнатып қалған соң ойда ештеңе жоқ дикторлардың айтқанын жаттап, видеоға түсіре салдым. Өзіме қызық болып көрінген соң түсірген, қазақша жаңылтпашты мүдірмей айтқан бір ғана видеом осылай таралады деп ой­ла­мадым. Мен түгілі отбасым қатты таң­ғал­ды. Әлгі жаңылтпаштың қазақша жа­зыл­ған нұсқасын таба алмағандықтан, олар­дың мағынасын түсіне алмадым. Алда­ғы уақытта олардың қандай мағына бере­тінін білгім келеді.
– Қазақша жаңылтпаштардан бө­лек оған дейін Қазақстан туралы не бі­ле­тін едіңіз?
– Интернеттен Қазақстан туралы де­рек­тер іздегенімде ол елдің мен ойлағаннан да көрікті, жасыл аймақта орналасқанын біл­дім. Әсіресе, Үлкен Алматы көлі бей­не­лен­ген видеоны көргенде ауызым ашылып қал­ды. Бір күні онда жолым түседі деп ой­лаймын. Мен – Қазақстаннан шыққан жас әрі танымал Софи Манасянның жан­күйері­мін. Ол – өте көңілді әрі әдемі қыз. Со­фи әзірлеген видеоларды сүйсіне тама­шалаймын. Әсіресе, ата-анасымен бірге түсіргендерін қалт жібермеймін. Мен де ал­дағы уақытта пайдалы видео түсіруді жал­ғастыра беремін. Оған қоса, әлемді шар­лағым келеді. Алдымен барғым келетін топ-5 елдің алдыңғы шебінде Қазақстан тұр. Осы ретте маған аямай қолдау көрсет­кен қазақтарға тағы бір рет алғыс айтқым ке­леді. Әлгі видеоларымда қазақша жаңылт­паштарды айту кезінде әлдебір қате жіберсем, кешірім сұраймын! Дегенмен қазақшаны сіздерден кем емес айтып шы­ғуға тырысқаным үшін білдірген үлкен қол­дауларыңыз үшін мың алғыс!
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Comments (0)
Add Comment