С. Дөненбаев сабантой өткізді

Сайрамбай Дөненбаев – жомарт жандардың бірі. Оның алақандай ауыл үшін жасап жатқан игі істері көңіл қуантады. Елбасының «Тапқаныңды жамбасыңа баса бермей, халықтың игілігі үшін жұмса» деген сөзін қаперінен шығармаған кәсіпкер бүгінде жергілікті жұрт үшін бірнеше нысанды өз қаражатына салып беріп, мемлекеттің құзырына өткізгенін білеміз. Республикаға танымал шаруа қожалық үстіміздегі жылы айтарлықтай мол табыстарға қол жеткізіп отыр. Аталмыш қожалықта жүзден астам адам аянбай тер төгуде. Маусымдық жұмыстар кезінде қызмет атқаратын жұмысшылар тағы бар. Соңғы үш-төрт жылда мал бордақылаумен қатар егін егуді де қолға алған шаруа қожалық басшысы Сайрамбай Дөненбаевтың бұл кәсібі де уақыт өткен сайын жанданып келеді. Оның айқын көрінісін биылғы егіс науқанынан-ақ байқауға болады. Ағымдағы жылы егіс даласына 3700 гектар арпа, 4200 гектар бидай бастырылған екен. Арпаның әр гектарынан 21 центнер өнім алынса, бидай 30 центнерден жиналып, шашау шығарылмай қамбаға құйылған. Бұл дала еңбеккерлерінің толыққанды жетістігі деп білеміз. Мал шаруашылығында да жетістіктер жетерлік. Қазіргі таңда шаруашылықта 42000 бас қой, 2100 жылқы бар. Төл басына келер болсақ, биыл шопандар 100 қойдан 105 бас қозы алса, Қамбар атаның ізбасарлары 100 жылқыдан 95 бас құлын алып, мол табысқа кенелген көрінеді.

Жақында Қарабұлақтағы Сайрамбай Дөненбаевтың қымызбен емдеу шипажайында жылдағы үрдіске сай сабантой мейрамы болып өтті. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрін дәріптейтін сабантойға аудан әкімі Асқар Қырықбаев, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашев қатысты. Өз сөзінде аудан басшысы Асқар Санатұлы тынымсыз еңбек арқылы мәртебесі көтерілген Сайрамбай Дөненбаевтың жұмысы көпке үлгі екенін айтты. Содан соң науқан кезінде ерен еңбегімен еленген бірқатар диқаншылар мен шопандарға автокөлік кілті табыс етілді. Атап айтар болсақ, сақпан кезінде ептілік көрсеткен шопан Жәнібек Қадырмановқа «Нива», механизатор Әбдіқадір Жаппасбаевқа «Лада Гранта», жүргізуші Ардақ Кобдиковқа «Нексия» автокөлігі сыйға тартылды. Сонымен қатар, бір топ еңбек қызметкерлері облыс және аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. “Шәушен” шаруа қожалығының басшысы «Үздік» деп танылған жұмысшыларға арнайы ақшалай және бағалы сыйлықтар табыс етті. Жалпы айтқанда, бұл сабантойда ешбір жұмысшы марапатсыз қалған жоқ.

Қазақ халқында «Сыйласаң – сый көресің» деген нақыл бар. Ұзақ жылдар бойы Сайрамбай Дөненбаевтың зор құрметін иеленіп келе жатқан жұмысшылар да қожалық жетекшісінің еңбегін ескерусіз қалдырмай, ұжым атынан «Toyota Lаnd Cruiser» маркалы жол талғамайтын джип автокөлігін сыйға тартты.

Сабантойдың соңында келген қонақтарға үлкен дастархан жайылып, облыс және аудан өнерпаздарының арнайы әзірлеген концерттік бағдарламасы жұрт назарына ұсынылды.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ

Comments (0)
Add Comment