Робототехника бойынша Ұлттық чемпионаттың жеңімпаздары тамыз айындағы іріктеу сынағына тыңғылықты дайындалып жатыр, – деп хабарлайды «08info.kz» ақпарат агенттігі 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Сынақтан сүрінбей өткен жас конструкторлар қараша айында Таиландта өтетін Дүниежүзілік робототехника олимпиадасына жолдама алады.
Биылғы халықаралық олимпиаданың тақырыбы «Food matters» яғни «Астың маңызы» деп аталады. Алайда отандық жас конструкторлардың ұлттық біріншілікке ұсынған жобалары бір емес, бірнеше саланы қамтып отыр. Астық өнімділігін арттыру, тұқымды жылдам егу, егінді тиімді суару және ору технологияларынан бастап, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету инновацияларына дейін бар. Мәселен, байқаудың «Смарт Сити» санатында жүлделі орыннан көрінген Алика Сарбасова мен Зульфхар Маукей «Сейф Драйв» жобасын ұсынды. Олардың айтуынша, әлемде баламасы жоқ құрылғы ұзақ жолға шыққан әрбір көлік жүргізушінің өмірін сақтап қала алады. Өйткені тың жоба көлік басқарып келе жатқан адамға ұйықтап кетуге жол бермей, жол апатынан сақтайды. Жанар кескіндері бірнеше секундқа түйісе кетсе болды, датчиктер адамның көзі ілінгенін байқап, бірден дабыл қаға бастайды.
Зульфхар Маукей, физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы /Астана/:
— Осы құрылғыда камера болады. Ол камера жүргізушінің көзі қайда екенін көрсетеді. Яғни қазір көретін болсақ, Менің көзім экранда жасылмен белгіленіп тұрады. Қай жерде болсам ол оны көреді. Егер көзіммен моргать ететін болсам, ол дыбыс шығармайды. Моргание екенін біледі. Ал егер жүргізіп бара жатып мен ұйықтап кететін болсам, 1-2-3 секундқа, яғни осындай дыбыс шығарады. Зульфхар Маукейдің айтуынша, жаңа құрылғы жолаушылар тасымалымен айналысатын компанияларға таптырмас әрі қолжетімді құрал болмақ.
Зульфхар Маукей, физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы /Астана/:
– Негізінен бұл жобаны мен қаңтар айынан бастап жасадым. Яғни бұған 3-4 ай бойы программалық бағдарламасын жазуға көп уақыт кетті. Ең соңында осынлай құрылғыға тоқталдым. Бұл құрылғы АйФай деп аталады.
Көрерменнің қызығушылығын туғызған тағы бір жоба көше шамдарының электр қуатын үнемдеуге бағытталған. Қостанай қаласынан келген жас өнертапқыштар өз жобаларын кеңінен таныстырды.
Әлихан Сақтарбеков, физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы /Қостанай/:
— Бұл жоба бізде қандай да бір автокөлік жолдан өткен кезде, жарық шамдарының жануын көрсетіп отыр. Қандай да бір 2 секундтан кейін немесе белгілі бир уақытта орнатқаннан кейін ол өшетін болады. Осылайша, біз электроэнергияның үнемдей аламыз. Сонымен қатар бізде мынадай жайжол тақтайлары бар, бұл жай жол тақтайларын басқан кезде бізде электро энергия туады, яғни біз электроэнергияны адамдар жүрген жолдан тудыра аламыз. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы 2014 жылдан бастап «World Robot Olympiad» халықаралық жарысының Қазақстандағы ресми үйлестірушісі болып саналады. Тәжірибе алмасу мақсатында жыл сайын робототехникадан өңірлік және республикалық іріктеу кезеңдерін ұйымдастырып отырады. Биылғы чемпионат 1560 қатысушыны қамтыды, олардың 286-сы Зияткерлік мектебінің оқушылары. Бәйгеге қатысушылар төрт санат бойынша бақ сынасты. Олар: «Негізгі», «Шығармашылық», «Робот футболы» және жоғарыда аталған Smart City.
Светлана Есбосынова, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы басқарма төрайымының орынбасары:
– Робототехника балаға инженерлік ой-қабілетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бірінші кезекте моторика дамиды. Мәселен, осы жарысқа 7-8 жастағы балалар да қатысып жатыр. Былтыр Коста-Рикадағы халықаралық олимпиадада біз үздік ондыққа кірдік. Биылғы тақырып, Астың маңызы деп аталған соң, Африка мен Таяу Шығыс елдерінен қатысушылар көп келуі мүмкін. Азық-түлік тапшылығы бар елдерде өзекті мәселенің оңтайлы шешіміне арналған қызықты жобалар көп болмақ. Сондықтан бәсекелестік деңгейі әлдеқайда жоғары болады.
Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі Данияр Кенжетай жас та болса, ұстаздық қызметті қолға алған. Бүгінде оның сыныбында 20-дан астам оқушы робототехника бойынша білім алып жүр. Солардың қатарында Альтаир Жамбыл да бар. Жас дарын Жарас Әнет есімді сыныптасымен бірге Ұлттық робототехника чемпионатының «Regular Junior High» атты санатында жеңімпаз атанып отыр.
Альтаир Жамбыл, физика-математикалық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:
– Біз дәлме-дәл егіншілік жарысына қатыстық. Онда көшеттерді түстеріне қарай шартты фермаларға отырғызу тапсырмасы қойылды. Мен қасымдағы әріптесіммен бірге қысқа уақыт ішінде көп көшетті дұрыс орындарға орналастырып, ферманың қоршаған ортаға шығаратын қалдығын барымызша азайттық. Осылайша, 180 балл жинадық.
Мирлан Алтынбек, тілші:
— Осылайша, 13-23 тамыз күндері аралығында Алматыдағы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқу жаттығу жиыны өтеді. Оған қатысатын 12 команданың 10-ы ғана Таиландтағы Халықаралық робототехника олимпиадасына жолдама алады. Айта кетейік, Оңтүстік-Шығыс Азия еліне әлемнің әр бұрышынан 200-ге тарта команда келеді.