РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ — ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Көрнекті дәрігер, профессор, медицина ғылымдарының докторы Сағындық Ордабековтің 75 жас мерейтойы ауданымызда кең көлемде аталып өтуде. Осыған орай, аудандық мәдениет үйінде «Хирург, ғалым, қаламгер» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы ұйымдастырылды. Фойеде «Сан қырлы талант иесі» кітап көрмесі, «Туған өлке мақтанышы – Сағындық» өмірі мен шығармашылығынан фото-галерея, «Ғылымның қия жолында» кітаптар инсталляциясы таныстырылды.
Конференцияға еліміздің түкпір — түкпірінен келген медицина саласының өкілдері мен ғалымдар қатысты. Шарада аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Молдабеков құттықтау сөз сөйлеп, ұлт саулығы жолындағы ерен еңбек иесіне ұзақ ғұмыр тіледі. Мұнан соң Жамбыл облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқарма басшысының міндетін атқарушы Ерік Мусабаев жылы лебізін білдірді. Конференцияны Жамбыл облыстық көп бейінді ауруханасының бас дәрігері Марат Джуманкулов Марат жүргізіп отырды.
Бағдарламаға сәйкес, «Шипагерлік пен шығармашылық — Дәрігер, ғалым, қаламгер С.Ордабеков жайлы толғаныс» жайлы жазушы, республикалық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Пернебай Дүйсенбин, «Еліміздегі хирургиялық көмектің жай-күйі және оның перспективалары туралы» «ҰҒХО А. Н. Сызғанов», АҚ Басқарма төрағасы. ҚР ҰҒА академигі, профессор, медицина ғылымдарының докторы Болатбек Баймаханов, «Хирургиядағы жаңалықтар» туралы м. ғ. д, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Жақсылық Досқалиев, «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы: кеше және бүгін» туралы «Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының» директоры, м. ғ. д., профессор, ҚР Профилактикалық медицина академиясының академигі Сейтхан Жошыбаев, «Жамбыл облысындағы хирургиялық қызметтің жай-күйі туралы» Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас хирургі, Жамбыл облыстық көп бейінді ауруханасының бас дәрігердің орынбасары Жандос Сейдахметов баяндады.
Өз кезегінде Сағындық Ордабеков қорытынды сөз сөйлеп, жылы шыраймен қарсы алған аудан жұртшылығына ризашылығын білдіріп, конференцияның маңыздылығы туралы кеңінен баяндап өтті.
Конференция барысында Жазушы Сағындық Ордабековтың жаңа кітабының тұсауы кесіліп, оқырмандарға жол тартты. Шара концерттік бағдарламаға ұласып, аудандық мәдениет үйінің әншілері патриоттық әндер шырқады.
Comments (0)
Add Comment