Ауа райының күрт нашарлауына (қалың қар, боран, көрінудің төмендеуі) байланысты Жамбыл облысы аумағындағы республикалық және облыстық маңызы бар бірқатар автожолдарда көлік қозғалысына уақытша шектеулер енгізілді.
Республикалық маңызы бар «Алматы – Ташкент – Термез» автожолының 238–476 км (Қайнар – Тараз) және 476–534 км (Тараз айналма жолы) учаскелерінде жүк автокөліктерінің қозғалысы шектелді.
Сонымен қатар аталған автожолдың 143–238 км және 534–593 км аралықтарында барлық автокөлік түрлерінің қозғалысына шектеу қойылды.
Бұдан бөлек, «Меркі – Шу – Бурылбайтал» автожолының 156–268 км, «Аса – Қарабастау» автожолының 0–38 км және «Күйік – Қарабастау – Қаратау – Жаңатас – Саудакент» автожолының 27–143 км учаскелерінде қозғалыс тоқтатылды.
2026 жылғы 12 ақпан сағат 20:00-дегі жағдай бойынша 2156 автокөлік (975 жүк және 1181 жеңіл) жиналуы тіркелуде.
Негізгі кептеліс Алматы – Шымкент және Тараз – Алматы бағыттарында, сондай-ақ Кенен, Мақтарал және Қордай маңында байқалуда.
Жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарына ТЖД-дан 16 қызметкер мен 8 техника, полиция департаментінен 60 қызметкер мен 24 техника, сондай-ақ «ҚазАвтоЖол» тарапынан 78 арнайы техника жұмылдырылды.
Айша-Бибі, Қордай және Жуалы аудандарында барлығы 11 жылыту пункті жұмыс істеуде. Азаматтарды қабылдауға дайын.
Департамент базасында қауырт желі іске қосылып, 101 қоңырау қабылданды.
Азаматтық қорғау қызметтерінен тұратын жедел штаб жұмыс істеуде. Жуалы және Сарысу аудандарындағы электр энергиясының уақытша өшулері толық қалпына келтірілді.
Жағдай облыстық жедел штабтың бақылауында.