Бүгін «Достық» үйінде «AMANAT» партиясы жанындағы Әйелдер қанаты мен Жамбыл облысы әкімдігінің бірлесуімен «Психология NEXT: жасанды интеллект дәуіріндегі адам психикасы» атты өңірлік психологтар конгресі өтті.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Айжан Есмағамбетова, «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен профессор-оқытушылар құрамы, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтар, денсаулық сақтау және құқық қорғау саласының мамандары қатысты.
Конгресс аясында үш панельдік сессия мен пленарлық отырыс ұйымдастырылып, «Балалар мен жастар психологиясы: жаңа сын-қатерлер», «Отбасы психологиясы және қоғам тұрақтылығы», «Эмоционалды саулық – ұлттық даму алғышарты» тақырыптары бойынша өзекті мәселелер талқыланды.
Сондай-ақ пленарлық отырыста психологиялық денсаулықтың қоғам тұрақтылығындағы рөлі, психологиялық қызметтің даму перспективалары, стресс-менеджмент, ұлттық психология, жастар арасындағы аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу және әйелдердің эмоционалдық иммунитетін қалыптастыру мәселелері бойынша жетекші мамандардың баяндамалары тыңдалды.
Конгресс барысында қатысушылар тәжірибе алмасып, қазіргі қоғамдағы психологиялық саулықты нығайтуға бағытталған бастамалар мен ұсыныстарды ортаға салды.
Аталған жиын психологиялық қызметтің тиімділігін арттыруға, сала мамандары арасындағы өзара ынтымақтастықты күшейтуге және қоғамдағы өзекті мәселелердің шешу жолдарын айқындауға мүмкіндік берді.