Тараз қаласында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында кешенді жедел-профилактикалық рейд ұйымдастырылды.
5-6 маусым күндері өткен іс-шараға қала әкімдігі, «Жібек жолы» және «Әулиеата» аудандары әкімдіктерінің өкілдері, полиция басқармасы, жастар ресурстық орталығы мен білім бөлімінің қызметкерлері қатысты.
Рейд барысында компьютерлік клубтар, ойын-сауық орындары және басқа да қоғамдық нысандар зерделеніп, түнгі уақытта заңды өкілінсіз жүрген жасөспірімдер анықталды.
Нәтижесінде кәмелетке толмағандарға қатысты 68 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тиісті баптары бойынша хаттамалар рәсімделді.
Мамандардың айтуынша, мұндай профилактикалық шаралар жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға және олардың қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады.