Петропавлда мылтық ұстаған ер адам қолға түсті

Петропавл полицейлері саяжай қауымдастықтарының бірінде мылтықпен жүрген ер адамды анықтап, ұстады. Оқиға орнынан қашып кетпек болған ол енді тіркелмеген қаруды ұстағаны үшін жазаға тартылмақ, деп хабарлады turkystan.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қоғамдық тәртіпті қадағалап жүрген Петропавлдың патрульдік полиция батальонының қызметкерлері саяжай қауымдастығының аумағында екі ер адамды байқайды. Олардың біреуі полицейлерді көре сала қалың қарға қолындағы затты лақтырып, бой тасаламақ болған. Тәртіп сақшылары омбы қардан бір ұңғылы «ИЖ-К» аңшы мылтығы мен 16 калибрлі 5 патрон салынған қара пакетті тапты.

Қолындағысынан құтылмақ болған ер адамның кім екені анықталды. Ол 30 жастағы Петропавл тұрғыны болып шықты. Жігіттің айтуынша, мылтықты бірер күн бұрын бұта арасынан тауып алған. Тіркелмеген қаруды алып жүргені үшін оған қатысты материал жиналды, кейін сотқа жіберіледі. Тексеру жүргізілуде.

«Қаруды заңсыз қолдану үшін жауапкершілік барын еске саламыз. Жазаға тартылмаудың жалғыз жолы – тіркелмеген қару-жарақты өз еркімен тапсыру. Ал егер қару сияқты басқа да қауіпті заттарды анықтаған жағдайда, олардың табылғаны туралы дереу полицияға хабарлау қажет», – дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.

Полицейлер айтып өткендей, тіркелмеген қаруы барлар оны көбінесе қарапайым қауіпсіздік ережелерін ұстанбай сақтайды. Бұл жазатайым оқиғаға себеп болуы немесе қылмыстық мақсатта ұрлануы мүмкін. Бұған жол бермеу үшін тәртіп сақшылары қаруды заңсыз сақтау фактілерін анықтау бойынша үнемі рейд өткізеді. Өткен жылы заңсыз айналымнан 128 к тіркелмеген қару тәркіленіп алынды.

Comments (0)
Add Comment