Петропавлда мектепке мұғаліммен дауласу үшін қызметтік көлікпен барған шенеунік жазаланды

Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Солтүстік Қазақстан облысында қызын оқытқан мұғаліммен мәселе шешу үшін мектепке барған шенеунік жазаланды. Бұл туралы  Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

18 наурыз күні Петропавлда Әдеп жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Онда Қызылжар аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы орынбасары Бақытжан Ташеваға қатысты тәртіптік іс қаралды.

“Мен істі бұлай қалдырмаймын”

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің бас маманы Дархан Ермековтің айтуынша, жоспардан тыс тексеру Қызылжар ауданындағы мектеп мұғалімінің өтініші негізінде жүргізілген.

Оның мәліметінше, 10 ақпанда бөлім басшысының орынбасары Бақытжан Ташева мектепке қызметтік көлікпен келген.

Өтініш авторы Ташеваға қатысты шара қолдануды сұраған. Себебі шенеунік мұғалімге моральдық және психологиялық қысым көрсетіп, қызметтік автокөлікті жеке мақсатта пайдаланған. Бұл мемлекеттік қызметкерлердіңәдеп нормаларын бұзу саналады.

Дархан Ермековтің айтуынша, мұғаліммен жазысқан хат алмасу барысында Ташева аудиожазба жіберіп, онда: “Мен сізді қылмыстық жауапкершілікке тартамын, мұны бұлай қалдырмаймын…” деген.

Ташева қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланғанын мойындады

Мемлекеттік қызметкер Бақытжан Ташева мектепке жеке мәселемен барғанын, сол арқылы қызметтік көлікті мақсатсыз пайдаланғанын мойындады.

Дархан Ермековтің сөзінше, қызметтік тексеру барысында мектеп директоры, хатшысы және әлеуметтік педагог түсініктеме берген. Олар 2025 жылы 18 желтоқсанда өткен мектептің профилактикалық кеңесі отырысында Ташеваның өзін дөрекі әрі әдепсіз ұстағанын, мектеп әкімшілігі мен мұғалімдерге құрметсіздік танытқанын растаған.

Оның айтуынша, мемлекеттік қызметкердің әрекетінен Әдеп кодексін бұзу белгілері байқалған. Атап айтқанда, ол мектеп қызметкерлерімен қарым-қатынаста іскерлік этиканы сақтамаған, әдепсіз мінез көрсетіп, қызметтік автокөлікті қызметтік емес мақсатта пайдаланған.

“Мен ата-ана ретінде әрекет еттім”

Өз кезегінде Бақытжан Ташева мектепке баруын мұғалімнің әрекетімен түсіндірді. Оның айтуынша, 2025 жылдың мамыр айынан бастап мұғалім сабаққа кешіккен оқушыларды партаға отырғызбас бұрын қолды жерге тіреп, жаттығу жасауға мәжбүрлеген.

Ташева бұл туралы білген соң мектеп әкімшілігіне бірден хабарлаған. Ал желтоқсан айында қызы сабаққа барудан бас тартып, себебін сұрағанда мұғалім шекесінен шерткенін айтқан.

“Мұғалім мұны мойындамай отыр. Бұл жағдайда мен мемлекеттік қызметкер ретінде емес, ата-ана ретінде әрекет еттім”, – деді Бақытжан Ташева.

Әдеп кеңесінің мүшелері неге мектепке қызметтік көлікпен барғанын сұрады. Ал шенеунік жұмыс барысында сол маңда жүргенін айтты.

“Жақын маңда тұрғындармен кездесу өткізіп жүргенмін, жолай мектепке кіріп шықтым. Қызым осы мұғалімнің сабағына барудан бас тартқан соң, сынып жетекшісімен сөйлескім келді”, – деді ол.

Әдеп кеңесі: қызметтік көлік жеке мақсатта пайдаланылған

Солтүстік Қазақстан облысы Әдеп жөніндегі кеңесінің төрағасы Ержан Қарымсақов мемлекеттік қызметкер кеңес мүшелерін жаңылыстыруға тырысып отырғанын айтты.

“Сіз қызметтік көлікпен мектепке арнайы келгенсіз. Демек қызметтік автокөлікті жеке мақсатта пайдаландыңыз. Мұғалім сіздің мінез-құлқыңыздың дөрекі болғанын айтып, фото және видео ұсынды. Мемлекеттік қызметкерге мұндай әрекет жараспайды”, – деді ол.

Сонымен қатар бұл мәселеге байланысты полиция тексеру жүргізгені белгілі болды. Себебі Ташева мұғалімге қатысты полицияға арыз жазған.

Әдеп кеңесі төрағасының айтуынша, жағдай тіпті Ташева қызының бұл сабаққа қатыспайтыны туралы өтініш жазуына дейін жеткен. Ал бұл жағдайда ата-аналардың баланың білім алуын қамтамасыз етпеуі әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Мұғалім де өз кезегінде қарсы шағым жазған.

Қатаң сөгіс жарияланды

Әдеп кеңесінің мүшелері өткен жылы Қызылжар ауданында осыған ұқсас жағдай болғанын еске салды. Ол кезде аудан әкімінің орынбасары қызметтік көлікпен дүкенге барып, нан алғаны үшін жауапкершілікке тартылған.

Нәтижесінде Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері Бақытжан Ташеваға қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылдады.

Comments (0)
Add Comment