Петропавлда 116 отбасы қоныс тойын тойлады

Бүгін Петропавл қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 116 отбасы баспаналы болды.

«Нұрлы жер» бағдарламасының «Сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй» бағыты Қазақстан халқын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуді көздейді. Бағдарлама операторларының бірі —  «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы».

Кезекте тұрған адамдар үшін жалдау құнының 1 шаршы метрі — айына 772,7 теңге. Пәтер алғандардың арасында көпбалалы отбасылар, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар және халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын басқа да азаматтар бар.

«Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ  Басқарушы директоры Арман Мұхатовтың айтуынша, сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй — ең осал санатқа жататын азаматтар үшін баспана мәселесінің оңтайлы шешімі.

«Бұл жүйе шын мәнінде мұқтаж адамдарға тұрғын үй алуға кепілдік береді. Бастапқы жарна мен артық төлемдер жоқ, соның арқасында отбасы артық шығынданбайды. Сонымен қатар, пәтер тазалап, әрленіп беріледі, яғни кезекте тұрған адамдар кілтті алғаннан кейін бірден қоныстана алады», — дейді басқарушы директор.

Петропавл қаласының тұрғындарына Қазбек Байбулов көшесі, 69-үй мекенжайында орналасқан үйден бір бөлмелі — 36, екі бөлмелі — 58 және үш бөлмелі — 22 пәтер берілді.

Пәтерлердің ауданы — 39,5 шаршы метрден бастап 78,5 шаршы метрге дейін.

Қоныстанушыларға пәтер кілтін табыстаған Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов бұл үйдің «Нұрлы Жер» бағдарламасы аясында салынғанын ерекше атап өтті.

«Мемлекеттік бағдарлама арқасында қаламызда тұрғын үйлер көптеп салынуда. Былтыр біз 1000 пәтер, биыл 1209 пәтерді иелеріне тапсырдық. «Нұрлы Жер» сияқты мемлекеттік бағдарламалардың арқасында отандастарымыз өз өмірлерін сапалы түрде жақсарта алады» деді ол.

Жыл соңына дейін Петропавлда үй кезегінде тұрған адамдар үшін тағы 96 пәтер пайдалануға беріледі.

inform.kz

Comments (0)
Add Comment