Петропавл тұрғыны лотореядан 109 миллион теңге ұтып алды

Петропавл тұрғыны Константин ақпан айында достарымен бірге туған күнін атап өтті. Қонаққа келген жақындары оған сыйлықты ақшалай берген екен. Константин 14 ақпан күні сыйлыққа келген ақшаға «Сәтті Жұлдыз» лотерея билеттерін сатып алады. Арада бір күн өткен соң 15 ақпанда ойда-жоқта LOTO 6/49 джекпотын ұтып алып, 109 миллион теңгеден астам сыйлықтың иесі атанған деп хабарлады turkystan.kz Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Константин түрлі жиһаздарды жасаумен айналысады. Ол өзінің джекпот ұтып алғанына сенбегені соншалық, қуанышты хабарды жақындарына да айтпаған. Тіпті бір шаңырақ астында тұратын жан жары мен екі қызы да бұл жаңалықты әлі естімеген. Оған «Сәтті Жұлдыз» компаниясынан хабарласып, Алматы қаласына келіп, өз ұтысын алып кетуді ұсынған кезде де ол бұл жаңалыққа толық сене алмаған.

«Менің бұл жаққа ұтыс алып кетуге келгенімді отбасым да білмейді. Әлі бірде-бір адамға бұл жаңалықты айтып, сүйінші сұрамадым. Осы жаққа келгенімді әйеліме іссапарға кеттім деп айтқанмын. Өзім келіп, көріп, толықтай сенімді болғанда ғана айтқым келді. Ақша шотыма түскеннен кейін жарыммен қыздарыма сыйлық алып, соны берген кезде сүйінші сұраймын», – дейді Константин.

Ол ақшалай сыйға ие болғанына сенбесе де, бойында бір үміт болғандықтан өзі ұтып алған 109 530 900 теңгені жұмсауға жоспар құрып үлгергенін айтады.

«Өзімнің үйім жоқ еді. Ақшаның бір бөлігіне бірінші кезекте үй аламын. Одан кейін қалғанына көлік алсам деген ой бар. Отбасыммен шетелде демалып қайтсам ба деймін. Үйіме барғанда әйеліммен де ақылдасамын ғой», – деді жеңімпаз.

Бір қызығы,  Константин лотереяға осы Жаңа жыл мерекесі кезінде ғана қызығушылық танытып, қатыса бастаған. Бос уақытын көңілді өткізу үшін пайдалы ермектің бірі деп ойлаған.

«Бұдан кейін де лотереяға қатыса беремін. Басқаларға да қатысуға кеңес беремін. Бірақ ол сіздің отбасылық бюджетіңізге кесірін тигізбеу керек. Сондықтан өз шамаңызға қарай ақша жұмсауға болады деп ойлаймын», – деді ол.

«Сәтті Жұлдыз» компаниясы ұйымдастыруымен өтетін «TeleBingo» лотереясының жүргізушісі, шоумен Мұрат Оспанов Константинге бұл сыйлықты табыстау кезінде қатты қуанғанын жасырмады.

«2020 жылы атыраулық қария да тура осындай ірі ұтысқа ие болған еді. Ол кезде отбасымен, немерелерімен бірге келіп, ұтыс табыстау алаңы кішігірім тойға айналған. Мен ұтыс алған әрбір адаммен бірге қуанамын. Адамдар лотереяға үмітпен қатысады, сол үміт бекер болмай, ұтысқа жеткендері қуантады. Ал «Сәтті Жұлдыз» ұлттық лотереясындағы әріптестеріммен бірге отандастарымызға осындай қуаныш сыйлап жүргенімізге ризамын», – деді тележүргізуші.

«TeleBingo» лотереясын 4 жыл бойы жүргізіп келе жатқан шоумен алда әлі бұдан да үлкен джекпоттар күтілетінін айтып, қазақстандықтарды ұтыстан құр қалмауға шақырды.

«Бізде әлі «TeleBingo» джекпоты бар. Ол күн санап, өсіп келеді. Сол ұтысты алу үшін адамдарды осы лотереяға қатысуға шақырамын. Көбі лотерея отбасыға шығын келтіреді деген пікір айтады. Бірақ тиражды лотерея билеттерінің бағасы 500 теңгеден аспайды. Сондықтан бұл оймен келіспеймін. Есесіне алатын сыйлықтардың құны өте жоғары екенін еске салғым келеді», – деді Мұрат.

«Сәтті Жұлдыз» АҚ жыл сайын Халықаралық және Еуропалық лотерея ассоциациясының статусын белгілейтін сертификациядан өтеді. Осы кезге дейін компания Қазақстандағы спорттың дамуына 7,65 миллиард теңге жұмсаған. 2022 жылдан бастап, «Сәтті Жұлдыз» ұлттық лотереясы «Қазақстан халқына» әлеуметтік қорына қолдау көрсетеді. Осы жылдан бастап компания табысының 10%-ы осы қорға, 10%-ы елдегі спортты дамыту қорына жұмсалады. Алғаш ашылған кезден қазірге дейін компания ел қазынасына 10,5 миллиард теңге салық төлеп, оған қоса, мемлекет бюджетіне талап етілмеген 73 миллион ұтысты аударған.

Тек өткен жылдың өзінде 118 қазақстандық «Сәтті Жұлдыз» лотереясының арқасында миллионер атанып үлгерді. Одан бөлек, 5 пәтер мен 7 автокөлік өз иесін тапқан.

https://turkystan.kz/article/214626-petropavl-turgyny-lotoreyadan-109-million-tenge-utyp-aldy/

Comments (0)
Add Comment