Алматы облысында баласынан айырылған әйел перзентхананың 3-қабатындағы терезеден секіріп кетті. Оқиға Қаскелеңде болды, деп хабарлады turkystan.kz Астана арнасына сілтеме жасап.
Мәлімет бойынша, 37 жастағы әйелдің жаңа туған сәбиінің жүрегі тоқтап қалған. Ал тұрғынның өзін шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызып, ота жасаған. Туыстары дер кезінде психологиялық көмек көрсете алмады деп медициналық мекемені кінәлап отыр. Әйел бұған дейін де 2 бөбегінен айырылып, күйзелісте болған көрінеді.
Дәрігерлердің сөзінше, бастапқыда әйел өте сабырлы болған. Бірнеше күннен кейін мінезі өзгеріп, медбикеге қарсылық көрсетіп, терезеден секіріп кеткен. Абырой болғанда, аман қалды, иық сүйектері сынып, қолдары зақымданған.
«Медбике дәрісін беруге кірген кезде әйел басқаша сөйлей бастаған. «Сендер мені өлтірейін деп жатсыңдар» деген секілді өзге де сөздер айтқан. Бірден дәрігерлердің барлығын шақырған, бәрі сөйлесті. Әйел босанғаннан кейінгі психомоторный возбуждение әртүрлі уақытта басталады ғой», – дейді Қарасай көпбейінді орталық аудандық ауруханасы директорының орынбасары Қабаева Индира.