Павлодарда балаға қол көтерген тәрбиешінің үстінен іс қозғалды (ВИДЕО)

Павлодар облысында мамандандырылған балабақшада балаға қол көтерген тәрбиешінің үстінен іс қозғалды деп хабарлады turkystan.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

«Әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында @maruv_blago Instagram-парақшасында Павлодар тұрғынының өтініші анықталды. Оның айтуынша, 18 қазан күні Павлодар қаласының мамандандырылған балабақшасында тәрбиеші кәмелетке толмаған ұлына дене жарақатын салған.

Полиция аталған факті бойынша тексеру жүргізді. Павлодар қаласының Урицкий көшесінде орналасқан №52 балабақшаның тәрбиешісі 2017 жылы туған балаға дене жарақатын салғаны анықталды.

Бұл факті бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалып, оның қорытындысы бойынша – «балаға түскен дене жарақаты денсаулыққа жеңіл зиян келтірумен сәйкес келеді». Осыған байланысты балабақшаның 30 жастағы тәрбиешісіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-1-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Материал сотта қаралады», – делінген хабарламада.

Мәліметке сәйкес, тексеру нәтижелері мектепке дейінгі осы мекеменің қызметкері мен басшысына қатысты тәртіптік ықпал ету шараларын қабылдау үшін облыстық білім басқармасына жіберілетін болады.

Comments (0)
Add Comment