Павлодарда 8 жыл тамақ жұтуға қиналып келген спортшыға ота жасалды

Павлодарда алғаш рет бірегей ота жасалды.

Ер адамның өңеші ота арқылы кеңейтілді, деп хабарлады turkystan.kz порталы Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

34 жастағы екібастұздық тұрғын Павлодар қалалық №1 ауруханасына түсті. Спортшы сегіз жыл қалыпты түрде тамақты жұта алмай жүрген.

– Сегіз жыл бұрын тамақты дұрыс жұта алмай, азап шеге бастадым. Бір кесе сорпаны ішу үшін бір жарым сағат кететін. Ал сорпамен бірге тамақты өңешке итеру үшін екі литр су ішуге тура келетін. Салдарынан салмақ тастап, тез арықтай бастадым. Өте аз тамақтанып, суды көп ішетінмін, – дейді науқас Аскаб Шибаев. – Бәлкім, бұрын кикбоксингпен айналысқанда жарақат алған шығармын. Бұл дерттің қалай пайда болғанын бірден түсіне алмадым. Бұрын салмағым 78 келі болса, қазір 50 келіден аспайды.

Ер адам жұбайымен бірге ауруханалар мен жеке клиникалардың табалдырығын тоздырған, дегенмен дәрігерлердің ешқайсысы оларға дұрыс диагноз қоя алмаған.

– Күн сайын тамақ ішкенде жиі тұншығатынмын. Түнде дұрыстап демала алмай оянатынмын. Тексеріске бардық, кейбір дәрігерлер мәселе қалқанша безде болған деп ойлаған. Қатерлі ісікке де күдік болды. Тәбеті болмаған сайын көп салмақ тастаған. Мен оған үнемі тек сұйық тағам дайындайтынмын. Бірақ шай немесе су ішсе де қақалып ішетін. Осыған байланысты апта сайын ауыратын, – дейді науқастың әйелі Снежана Шибаева. – Тек №1 қалалық ауруханада ғана өңештің тарылғанын айтып, дұрыс диагноз қоя алды.

Ахалазия кардия – бұл диагноздың медициналық атауы, өңештің төменгі бөлігі жеткілікті босаңсымайтын жүйке-бұлшықет ауруы. Осы патология нәтижесінде тамақ өңештен өтуі қиынға соғады және асқазанға бармайды. Бұл диагноздың белгілері: тамақ өңеште тұрып қалғандықтан, адам жиі құсады, эпигастрий аймағында ауырсыну және жұтыну қиындайды.

Аталған аурудың пайда болу себебі белгісіз, бірақ 20 жастан 40 жасқа дейінгі адамдарда жиі кездеседі.

Аскаб Шибаевқа Павлодар қалалық №1 ауруханасында шағын инвазивті ота жасалды. Бұл – павлодарлық хирургтар үшін алғашқы тәжірибе. Бұған дейін науқастар ота жасау үшін Астана мен Алматыға баратын. Ал қазір мұндай қызметтер Павлодар облысында пайда болды. Ол үшін 2021 жылы дәрігерлер бригадасы Санкт-Петербургке оқуға барған.

– Өңештің төменгі бөлігінде тұрақты тарылу болды. Біз пероральды эндоскопиялық миотомия отасын жасадық. Ол шағын инвазивті түрде, ауыз қуысы арқылы, кесусіз орындалды. Арнайы құрылғы – гастроскоп және эндоскопиялық бейне аппарат арқылы ауыз қуысына, содан кейін кеуде қуысына өткізіледі, өңештің бұлшық еттерін осы тарылған жерге дейін кестік, сол арқылы құрысуын жеңілдеттік, – деп түсіндірді эндоскопия бөлімінің басшысы Қуат Жүсіпов.

Қазір Аскаб Шибаев өзін жақсы сезінеді, еш қиналмастан тамақ іше бастады. Әзірге екі ай бойы сұйық тағам жеуге тура келеді, әрі қарай толыққанды қатты тағамға оралады.

– Қазақтың ұлттық тағамдарын сағындым, қайтадан бешбармақ жеуді армандаймын. Сауығып кетсем, міндетті түрде спортқа ораламын, – дейді науқас.

Мұндай отаның бағасы – 600 мың теңге. Бірақ МӘМС бағдарламасы арқылы Аскаб Шибаевке тегін жасалды.

Фото: Константин Шелков

https://turkystan.kz/article/252975-pavlodarda-8-zhyl-tamak-zhutuga-kinalyp-kelgen-sportshyga-ota-zhasaldy

Comments (0)
Add Comment