Партиялық бақылау комиссиясы азаматтар өтініштерін қарау барысын талқылады

Бүгін «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының Партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті. Жиында азаматтардың өтініш-шағымдарын қарау барысы мен қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы талқыланды. Басқосуға партия өкілдерімен қатар, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшылығы мен жауапты қызметкерлері қатысты.

Отырыста партияның облыстық қоғамдық қабылдау бөлмелеріне келіп түскен өтініштерге талдау жасалды. 2025 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 3 мың 419 өтініш түскен. Оның 67 пайыздан астамы оң шешімін тапса, қалған өтініштер бойынша азаматтарға заң аясында түсіндірме берілген.

Көтерілген мәселелердің басым бөлігі әлеуметтік көмек көрсетуге қатысты. Сонымен қатар тұрғын үймен қамтамасыз ету, жер телімдерін беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау және еңбек құқықтарын қорғау мәселелері де жиі көтерілген. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар тарапынан келіп түскен өтініштер саны да назарға алынып, олардың жартысынан астамының оң шешілуіне партия тарапынан ықпал етілгені айтылды.

Жиында еңбек және әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік органның 2025 жылғы жұмыс нәтижелері де таныстырылды. Мәліметке сәйкес, департаментке келіп түскен өтініштер саны өткен жылмен салыстырғанда азайған. Алайда «Е-өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы жолданған өтініштер саны артқан. Бұл тұрғындардың электронды қызметтерді пайдалануға бейімделе бастағанын көрсетеді.

Отырыс қорытындысында Партиялық бақылау комиссиясы азаматтардың өтініш-шағымдарын қарау сапасын арттыру, қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысын жетілдіру және мемлекеттік органдармен өзара байланысты күшейту бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Comments (0)
Add Comment