Павлодарда бар маңында болған қайғылы оқиғаға қатысты сот үкімі қайта қаралды. Бұл істе 21 жастағы жігіт өзіне пышақпен шабуыл жасаған бейтаныс адамның өліміне айыпталған болатын, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға былтыр жазда болған. Бейнебақылау камераларының жазбасында 23 жастағы ер адам екі жігітке жақындағаны, кейін кетіп қалып, артынша қайта келгені, олардың біріне шабуылдағаны көрінеді. Оның қолында пышақ болған, бірақ кейін оны қалтасына салып қояды.
Сот-медициналық сараптама оның өліміне ауыр бас сүйек-ми жарақаты мен миға қан кетуі себеп болғанын анықтады.
Былтыр сот айыпталушыны қасақана ауыр дене жарақатын келтіріп, абайсызда адам өліміне әкелді деген айыппен 4,5 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Алайда марқұмның анасы бұл жазаны тым жеңіл деп есептеп, оны күшейтуді талап етті. Прокуратура оны қолдап, жазаны 8 жылға ұзартуды сұрады. Ал қорғаушы тарап жігіт тек өзін қорғағанын айтып, толықтай ақтауды талап етті.
Апелляциялық сот видеожазбаларды қайта қарап, медициналық сарапшының пікірін тыңдап, істі қайта саралады.
«Ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде бір жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Жаза мерзімінде есептелген қамауда ұстау уақытын ескере отырып, екі күн үшін бір күн есебінен Қ. жазасын өтеген болып есептелсін және дереу қамаудан босатылсын», — деп Павлодар облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мұрат Солтыбаев сот қаулысын жариялады.
Соттан кейін жігіт мұндай шешімді күтпегенін мойындады.
«Маған 8 жыл берілуі мүмкін екенін естігенде, бәрі біткен шығар деп ойладым. Бірақ әділдікке сендім», – деді ол.
https://massaget.kz/news/ozmd-korgadyim-ks-olm-ushn-sottalgan-kazakstandyik-sot-125441/?fbclid=IwY2xjawIimhtleHRuA2FlbQIxMAABHbFuvPvA66ka0sF3BraeNEY5_emI5RBaGdZ_Lb96NYMAydFL63CPT5pOPA_aem_d4pfhDolbZb7kpM28HoN2Q
Фото: Видео кадры