Ерсұлтан Әбдраман үйінің жанынан шағын жылыжай салып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Жиырма жасынан бастап өсімдік шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген ол бүгінде бірнеше стартап жобамен айналысады. Мектепте оқып жүрген кезінде анасы жаңажылдық дастарқанға қызанақ пен қияр қойған екен. Сол кезде оны «Қыстыгүні бұл көкөністер қалай өседі, қайдан әкелінеді?» деген сұрақ қызықтырады. Осының жауабын тереңінен білу үшін агроном мамандығын таңдаған екен.
От жағушы болып жұмыс істедім
Ол арманына жету үшін құры қиялдап қана қоймай, нақты әрекетке көшкен болатын. Мектепті бітіргеннен кейін Шымкент пен Сайрамдағы жылыжайларда от жағушы болып жұмыс істейді. Сөйтіп, бес-алты жылдың ішінде қысқы уақытта қызанақ пен қияр қалай өсірілетінін, оны қалай күтіп-баптау керегін біліп шығады. Осылайша, бала арманына жақындай түскен ол Түркістан гуманитарлық-техникалық колледжін өсімдік шаруашылығы мамандығы бойынша, одан кейін агрономия саласы бойынша Шымкенттегі жоғары оқу орнын бітіріп, кәсіби маман атанады. Бүгінде Ерсұлтаннан кеңес сұрап келетіндер көп. Ал ол үйренемін деушілерге дәннен өнімге дейінгі процесті түсіндіріп, тәжірибесімен бөлісіп жүр. Кейде шаруашылық жұмысын сеніп тапсырғандардың ісін өз мойнына алады.
Алғаш өнім алып, қуанған сәт
Бағбан алғаш жылыжай салып, өнім алған сәтін күліп еске алады. Өзі оқыған колледжде біраз жыл бойы игерілмей жатқан, қоқыс төгілген жерді көріп, «Осы жерге жылыжай салып, өнім аламын» деп алдына мақсат қояды. Алайда бұл ойын директорға айтқан кезде бірден рұқсат бере қоймапты. Бірақ оған алғыр студенттің еңсесі түскен емес. Үш ай бойы директордың алдына барып, «Бұл жобаны жүзеге асырамын. Маған сеніңіз» дейді айтқанынан қайтпай. Жігерлі жасты біраз сынаған директор ақырында «Айтқаның болсын. Бастасаң, басташы» деп рұқсат береді. Сөйтіп, қаражатты алған бойда бірден жоспар құрып, құрылыс жұмыстарына кіріседі. Сол кезде директордың орынбасары келіп, «Босқа әуре болып жатырсыңдар.
«Шаруаларға үлкен жүк көлігін тауып бергенім үшін айтарлықтай жақсы қаражат тауып жүрдім. Алайда өзімнің айлық жалақыға үйреніп бара жатқанымды түсініп, жеке кәсіп ашу туралы шешім қабылдадым. Бірінші жылы зертхана ашып, Microgreen салаттарын өсірдім. Карантиннен кейін жұмысымыз қайта қарқын алып, Польша, Германия, Голландиядан он бес түрлі өсімдік тұқымын алып, өсірдік», – дейді Ерсұлтан.
Диқан бұған қоса асқабақтың Қазақстанда өсірілмеген жеті түрін егіп, жақсы өнім алған. Өсімдік шаруашылығы – үнемі ізденісті қажет ететін сала. Сондықтан Ерсұлтан уақытының көп бөлігін осы саланы зерттеуге, жаңа технологиялардың қыр-сырын меңгеруге жұмсап, алыс-жақын шетелдермен байланыс орнатқан.
Жылыжайдан алған өнімін тұтынушыға алыпсатарсыз, тікелей өзі жеткізуге тырысып жүрген кәсіпкер бұл саладағы күрмеуі қиын мәселелерді жіпке тізіп берді.
Неге өз елімде өзім еккен өнімді сата алмаймын?
Өніміңді базарға апарасың, бағаны сол жердегілер қояды. Олар бағаны базарға кірген өнімге қарай белгілейді. Өнім көп кіріп бара жатса, бағаны бірден түсіріп жібереді. Мәселен, қиярдың бағасы 500-ден 150-ге түсе салады. Ал ол жерге өнім тонналап әкелініп жатыр ғой. Бұл – үлкен шығын. Ал Түркияда өнімнің көбейгеніне, импорт, экспортқа қараймай, бір бағаны ұстайды. Мемлекет бұл істі атқарушы компанияларға тапсырады. Сондықтан диқандар алдын ала бәрін есептеп, әрекет етеді.
Бағаның тұрақсыздығы, сенімсіздік алдымен диқандарға қиын. Қайбір жылы Сары-
ағашта жүздеген фурадағы қырыққабат күйіп кетті. Ал әр фурада 20 тонна өнім бар еді. Енді ойлаңызшы, ала жаздай бел жазбай жұмыс істеген қаншама диқан шығынға батты. Таразда қант қызылшасын зауыт қабылдамай қойған жағдайды да көрдіңіздер. Шаруалар соларға сеніп екті емес пе? Зауыт пен өндіруші арасында келісім болса, жағдай ушықпас еді», – дейді кейіпкеріміз.
Диқан өткен жылы 300 шаршы метр жылыжайдан 3 тонна қызанақ алған. Көлігі болған соң өзі еккен өнімді алыпсатарсыз өзі өткізгісі келген. Алайда бұл жолда біраз кедергіге тап болыпты.
«Алған өнімімізді шағынаудандардың арасына сатып жүрдік. Сол кезде «Бұл жерде сатуға болмайды. Рұқсат етілмеген жер» деп милиция келеді. Өз қолыммен еккен отандық өнімді сатқаным үшін қаншама хаттама толтырдым. Соған ызаланамын. Неге өзімнің елімде өзім еккен өнімді сата алмаймын? Көшелерге, банктерге кірсең, ойын автоматтары тұрады, олар заңды. Ал қызанақ сатқаным заңсыз болып тұр.
Фермерлерге Нидерланд, Испаниядағыдай «фермер» деген құжат беріліп, өз өнімін еш кедергісіз сатуға мүмкіндік жасалса, жағдай оңалар еді. Осы ұсынысымды қанша айтқанмен, жауап болмай тұр. Негізі, ішкі нарықтың басым бөлігін қамтамасыз етіп отырған біз сияқты майда шаруашылықтар. Қазір импортқа тәуелділік артып жатыр. Отандық өндірісті дамытып, диқандарға қолдау көрсетілсе деймін. Бүкіл әлемді бағып отырған Нидерланд шағын мемлекет болса да, картоп өсіруден көш басында. Олардың технологиясына жетпей-ақ еңбек етіп жүрген диқандарға еркіндік беріліп, өз өнімін өзі сата алса, бұл сала мемлекеттің қолдауынсыз дамитын еді. Қазір қолдау түгілі диқандарға еркіндік берілмей жатыр», – дейді Ерсұлтан Әбдраман.
Диқандар биыл не егерін білмей отыр
Кәсіпкердің айтуынша, қазір көкөніс егетін диқанның көбі алдағы күнге алаңдап, не егерін білмей отыр. Өйткені қияр мен қызанаққа бәсекелестік артқан. Ертең баға бір күнде түсіп кетуі мүмкін. Өнім елімізден емес, сырттан көп келіп жатыр. «Бұрын Түрікменстаннан келмейтін. Қазір көп келіп жатыр. Үлкен шаруашылықтардың өзі көкөністен шығамыз-ау деп отыр. Ираннан да көп келуі мүмкін. Сондықтан құлпынайға көшсек пе деп отырмын», – дейді бағбан.
Расында, ерінбей еңбек етсең, көп белесті бағындыруға болады. Әлем елдерінде ауыл шаруашылығы саласында түрлі жаңа технология пайда болып, өндіріске енгізіліп жатыр. Кейіпкеріміз осы жайды да тілге тиек етті.
Қазір интернетті ашып қалсаңыз, көбі сауда-саттықпен айналысып жатыр. Нақтырақ айтсақ, сатуды үйретеді. Бұл жағдай 5-7 жылда тоқырауға алып келуі мүмкін. Мұны экономистер де айтып отыр. Өйткені бізде отандық өндірісті дамытудан гөрі алыпсатарлыққа үйретіп жатқандар көп. Осыған назар аударатын кез келді», – дейді кәсіпкер.
Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ