Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһардағы бірқатар нысанды аралады.
Әуелі шаһар басшысы «Қарасу» алқабындағы тұрғын үйлердің жаңғырту жұмыстарын көрді. Қазір аталған алқаптағы №4, 5, 10, 11 үйлер жаңа кейіпке енуде.
Қала әкімі өз сөзінде ең алдымен құрылыстың сапасына көңіл бөлу керектігін қадап айтты.
– Кей жағдайда жөндеуден өткен үйлер көп ұзамай-ақ бұрынғы қалпына қайта келеді. Ондайға жол бермес үшін сапаға баса назар аударуға тиіспіз. Сондай-ақ құрылыс жұмыстары тұрғындардың күнделікті тіршілігіне қолайсыздық тудырмауы керек. Сондықтан жаңғырту жұмыстары аяқталған соң, құрылыс қалдықтарын арнайы орынға төгіп, тазалық жұмыстарын жүргізуді ұмытпаңыздар, — деген Бақытжан Әмірбекұлы үйлердің жертөлелеріне түсіп, жаңартылған жылу, су жүйелерін тексерді.
Сонымен қатар шаһар басшысы тұрғындармен тілдесіп, ой-пікірлеріне де құлақ түрді. Тұрғындар өз кезегінде құрылыс қарқынына көңілдері толатынын жеткізіп, қала әкімдігіне ризашылықтарын білдірді.
Бұдан кейін қала әкімі «Аса» (10) шағын ауданында жөнделіп жатқан №3, 15, 21, 23 үйлерге де аялдап, құрылыс жұмыстарының барысына қанықты. Бұдан бөлек, Б.Орынбеков шағынаудандардағы қоқыс алаңшаларының да жағдайын көріп, оларды жаңалау бойынша тиісті тапсырмалар жүктеді.
Бүгінде Тараз қаласында тұрғын үйлерді жаңғыртуға баса ден қойылуда. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша биыл 53 көппәтерлі тұрғын үйді жаңғырту жоспарланған болатын.
Қазіргі таңда аталған нысандарда 23 мердігер мекеме тарапынан жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Қазір аталған үйлердің шатыры мен жертөледегі жылу, су жүйесі толықтай жаңартылып, құрылысшылар сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстарымен айналысуда.
Осы ретте айта кетерлігі, тұрғын үйлердің шатырлары мен қасбеттерін жөндеу қайтарымсыз қаражат есебінен жүзеге асырылса, ішкі әрлеу жұмыстарының шығыны тұрғындар арасында теңдей бөлініп төленеді.
Тараз қаласының әкімдігі