Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков №11 аумақтық округтің тұрғындарымен кездесті.
– Биыл «Жасыл желек» бағдарламасы бойынша «Көлтоған», «Қызылабад» алқаптарына 20 мың тал егілді. Сондай-ақ «Құмшағал», «Шөлдала» алқаптары арқылы өтетін Байзақ батыр, Құмшағал көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, «Қызылабад» аумағындағы Қалымбетов, Бекеев, М.Мақатаев, Бекеев көшесінің 2-бұрылыстарына жол салынды. Сонымен қатар 8 саяжайға, яғни 180 көшеге қиыршық тас төселіп, «Шаңырақ», «Құмшағал», «Казарма» алқаптарына қоғамдық көліктер тоқтайтын 7 аялдама орнатылды. Бұған қоса округке қарасты «Шөлдала» алқабы мен 15 саяжай ауыз сумен қамтамасыз етіліп, бүгінгі таңда 4025 үй таза тіршілік нәрін тұтынып отыр. Бұдан бөлек, Тараз қаласының тұрғын алаптары үшін жоғары вольтты желілер мен қосалқы станциялар салу құрылысы басталды. Ал интернет желісін жақсарту мақсатында «Шөлдала», «Қызылабад» алқаптары мен «Радуга», «Береке», «Жамбылстрой», «Юбилейный» саяжайларында «Beeline» компаниясы желісінің мұнаралары қойылды, – деген М.Рахымбекұлы алдағы жоба-жоспарларды да тілге тиек етті.
– Осыдан бірер жыл бұрын шалғай алқаптардың мәселесі шаш-етектен болатын. Қазір жүйелі жұмыстардың нәтижесінде біршама түйткілдің түйіні тарқатылды. Әрине, әлі де атқарылатын шаруалар жетерлік. Оның барлығы заң шеңберінде кешенді жоспарға сай өз шешімін табады, – деген Бақытжан Әмірбекұлы сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.