Орынбеков №10 округ тұрғындарымен жүздесті

Қала әкімі Бақытжан Орынбеков №10 аумақтық округ тұрғындарымен жүздесіп, талап-тілектеріне құлақ түрді. Әуелі округтің бас инспекторы Ескер Бұралхиев  сөз алып, атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды.

– Округтегі тұрғын саны  42700 болса, мұнда 234 көше мен бұрылыс, 34 көпқабатты тұрғын үй және 8930 жеке тұрғын үй орналасқан. Ағымдағы жылы округте 14 көше жөнделіп, асфальт  төселсе, 6-шы «Қарасу»  алқабына түнгі көше жарық шамдары орнатылып  іске қосылды. Сондай-ақ жыл соңына дейін  тағы 28 көше жарықтандырылмақ, – деді Ескер Базарбайұлы.

Округ тұрғындарының басты мәселесі – асфальт жол. Әсіресе, Целиноград, Яблочный көшелерінің 1,2,3,4 бұрылыстары мен Беделбаев көшесінің тұрғындары  бірнеше жылдан бері аталған мәселенің шешімін таппай келеді екен. Ауа райының қолайсыз күндері балалардың мектепке қатынауы мұңға айналған. Бұл жөнінде шаһар басшысы аталған көшелер бойынша жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, 2023 жыл жоспарына енгізілгенін жеткізді.  Аталған жоба бюджеттен қаражат бөлінген жағдайда жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ тұрғындарды толғандырған 1,2,3,4,5,6,7-ші «Қарасу» алқабтарына ауызсу кіргізу жұмыстары бойынша да жоба-сметалық құжаттамасы 2023 жылға жоспарланған. Сонымен қатар «Орман» алқабындағы көшелерге жарық жүргізу мақсатында электр тасымалдайтын мекеме тарапынан техникалық-шарт әзірленген. Техникалық-шартта аталған алқапқа 3 дана трансформаторлық торап орнату қажет және көше бойындағы ағаш бағаналарды темір бетонды бағанаға ауыстыру қажет. Осыған байланысты 2023 жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өткізіледі. Қаржы бөлінген жағдайда құрылыс 2024 жылы басталады. Бұған қоса Тектұрмас, Лукманов, Қазақ көшелері мен  Пригородный бұрылысы да (Тастақ) самаладай жарқырамақ.

Тұрғындар өткен ғасырдың 30 жылдары бой көтерген №27 мектептің жай-күйіне алаңдаулы. Әбден тозығы жеткен білім ордасы күрделі жөндеуді қажет етеді. Оқу ошағы тиісті сараптамадан өткізілген. Соның нәтижесіне сәйкес күрделі жөндеуге жарамайтыны анықталып, орнына жаңа мектеп ғимаратының құрылысы жүргізіледі.

Өз кезегінде округ тұрғындары қаңғыбас иттердің көбеюіне де шағымданды. Қазіргі таңда қаңғыбас иттердің шоғырланған орындары анықталып, Ветинспекциясының көмегімен аулау жұмыстары жүргізілуде екен.

Абай көшесінен бері қарай аспалы көпір орнату және қоғамдық көлік, аялдама мәселелері де назардан тыс қалмады. Бұған қатысты қала әкімі «Аспалы көпір орнату қыруар қаржыны талап етеді. Бұл облыстың бюджетіне едеуір салмақ түсіреді Сондықтан біз жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеген соң республикалық бюджетке өтінім береміз. Тек сол арқылы аталған мәселені шешуге болады, – деді.

Округте №55,16,19,38,34,33 автобус маршруттары қызмет көрсетеді. Аумақ бойынша 2022 жылы 8-аялдамаға сұраныс болған.Қазіргі таңда 3 аялдама қойылды, 5 аялдаманы жыл соңына дейн орнату жоспарлануда.

Қала әкімі Бақытжан Орынбеков барлық сауалды мұқият тыңдап, көтерілген мәселелер заң аясында талапқа сәйкес шешімін табатындығын, мүмкіндігінше айтылған сын-ескертпелер, ұсыныстар, өтініш-тілектер қараусыз қалмайтынын жеткізді Жиыннан соң шаһар басшысы тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Comments (0)
Add Comment