ҚР ПРЕМЬЕР МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ САРЫСУ АУДАНЫНА ІССАПАРМЕН КЕЛДІ.
Аптаның жұмасында ауданымызға арнайы іссапармен ҚР Премьер Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев келді. Сарысу жеріне алғаш рет келген Нұрлыбек Мәшбекұлының сапары «QazaqSoda» ЖШС-інің жұмысымен танысудан басталды.
Өндірістік қуаты жылына 500 мың тонна болатын зауыт, алдағы уақытта 1 млн тоннаға дейін жететін зауыт орта Азия бойынша алып компанияға жатады. Бүгінде зауыттың құрылысы қарқынды жүруде. Құрылыс жұмыстарымен танысқан Нұрлыбек Нәлібаев ең бірінші кезекте зауыттың ел экономикасының дамуына зор үлес қосатынын айтып, жұмыстарға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, зауыт іске қосылғаннан кейін аудан тұрғындарын жұмыспен қамтудың маңыздылығына тоқталды.
Сапар барысында Премьер Министрінің бірінші орынбасары «ЕвроХим — Қаратау» ЖШС- і күкірт қышқылы зауытының құрылыс жұмыстарын көрді. Бүгінде бірінші кезеңі жүзеге асып отырған зауыт құрылысы барысында 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіруді жолға қойған. Құрылысқа 2 мыңға дейін жұмысшы тартылған. Зауыт құрылысымен танысқан Нұрлыбек Мәшбекұлы ең басты меже – жаңа өндірістерді іске қосу, тұрақты жұмыс орындарын ашу, экспорттық әлеуетті кеңейту және елдің өнеркәсіптік негізін нығайту екендігін алға тартты.
Сарысу ауданы әкімдігі